Әлеуметтік желіде кезінде Алматы тұрғындарының мазасын алған жасөспірімдер тобының Астанада жүргені туралы видео тарады. Желі қолданушылары кадрдағы балаларды бұған дейін елден шығарылған шетелдік жасөспірімдерге ұқсатқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Желіде депортацияланған балалардың елордада қайта пайда болғаны туралы қызу талқыланып жатыр. Видеода бір топ жасөспірімнің қоғамдық көлікте отырғаны көрінеді.
Полиция не дейді?Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты тексеріп, видеоны ескі жазба деп мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, кадрлар 2024 жылы түсірілген және қазіргі жағдайға қатысы жоқ.
Сондай-ақ полиция аталған жасөспірімдерге қатысты сот шешімі шығып, олардың Қазақстан аумағынан шығарылғанын еске салды.
Еске салсақ, биыл көктемде Алматыда агрессивті мінез көрсеткен бір топ жасөспірім қоғамның назарын аударған болатын. Қала тұрғындарының айтуынша, олар адамдардан ақша талап етіп, жанжал шығарып, кейбір жағдайда өтіп бара жатқан азаматтарға тас лақтырған.
Кейін полиция олардың жеке басын анықтап, жасөспірімдердің Tәжікстан азаматтары екенін хабарлаған. Сот шешімімен олар Қазақстаннан шығарылып, елге қайта кіруіне тыйым салынған.