• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 10:00

Бауырлас елдер тарихына байыпты көзқарас

80 рет
көрсетілді

Тарихтың терең қатпарынан бастау алатын қазақ-қырғыз қарым-қатынасы, Алатауды егіз емген екі елді байланыс­тыратын ортақ құндылықтар аз емес екенін аңғартады. Бауырлас халықтардың бекем бірлігі ерте дәуірлерге тиесілі қытай, парсы және басқа дереккөздерде, ұлы «Манас» эпосында, қазақ халқының «Еңсегей бойлы ер Есім» және басқа да тарихи жыр­ларында жан-жақты көрініс табады. Бішкек­­тегі Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық универ­­­си­тетінде қос ел тарихшыларының қатысуымен өткен «Қазақ-қырғыз мәмілелері: тарихи сабақ және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми конференцияда бауырлас елдерді жақын­­дас­тыратын тарихи деректер жан-жақты сараланып, ұлттық мүдде қайшылықтарын қоздыратын кейбір мәселелердің жігі тар­қатылды.

Конференцияға Қазақ­стан мен Қырғыз­стан­ның академиялық ғы­лыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тарихшы ғалымдары қатысты. Кейінгі кездері Кенесары Қасым­ұлының 1847 жылғы жорығына байланысты ақпарат құралдарында айтылып жүрген ұстанымдар төңірегінде пікір алмасқан ғалым­дар сол кезеңнен жеткен деректерді саралап, мәселеге қатысты ортақ байламға келуге үн қосты. Тілінде, ділінде, тарихында ұқсастық бар бұл екі халық бір-біріне жоңғар шапқыншылығынан бастап, кеңестік кезеңге дейін арқа сүйеп келгенін айтқан Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Қапайұлы Кенесары мен қырғыз манаптары арасындағы қайғылы қақтығыс сол күрделі заманның көрінісі екенін, түп-тегі бір ортақ жұрт тарихтан тағылым алып, татулықты тереңдетуге тиіс деген пікір білдірді.

«Әлеуметтік желідегі осы тақырыпқа қатысты алауыздық тудыратын арандатушылық екі ел достығына сызат түсірмеуі керек. Осыған байланысты Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жа­паров желіде қазақ пен қыр­­ғызды бірлікке шақырған жазба жариялағаны мәлім. Тарих­тағы ауыр кезеңдерді сара­лай отырып, ынтымақ пен өз­ара түсіністікті арқау ету – дос­тығымыздың көрінісі. Бүгінде мәдени, экономикалық байланыс­тар жаңғырып, ортақ жобалар жүзеге асып келеді. Осы үрдісті жалғастыруға ұйытқы болу зиялы қауымға жүктелетін жауапты міндет», деді Арслан Қапайұлы.

Екі ел ғалымдарын тарихты әділ таразылауға шақырған акдемик Мәмбет Қойгелді «XIX ғасырдың 40-жылдары Жетісуда қалып­тасқан саяси жағдай» та­қы­­ры­­бында баяндама жасап, қазақ елінің тұтастығы мен саяси тәуел­сіздігі үшін күрес жүр­гізген Кенесары ханның қырғыз еліне жасаған жорығын Ны­санбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанын талдай отырып сипаттады.

«Әлбетте, тарих үшін бүгінгі ұрпақ жауапты емес. Дегенмен әр мәселені тура айтуымыз керек. Кенесары – Ұлт-азаттық көтерілісінің бастауында тұрған үлкен қайраткер. Бір нәрсенің басы ашық: 1847 жылы қырғыз-қазақ шекарасындағы Кекілік Сеңгір атты жерде болған қайғылы оқиға он жылға (1837–1847) созылды. Отарлық тәуелділікке қарсы күресте ауызбірлікті ту­ған елінен таба алмай, ендігі жағдайда оны туыс қырғыз елінен күтіп, қалыптасқан халықаралық жағ­дайға байланысты бұл үміті ақталмай, ашық шайқаста серік­терімен бірге ханның өзі де қаза тапты. Содан бергі уақыт туыс екі ел үшін Кекілік Сеңгір болып есте қалды. Бұл – тарихтың күрделі кезеңі. Сондықтан арада ғасырлар өткеннен кейін бұл жағдай көрші әрі туыс екі елдің өзара ауызбірлігі мен татулығына нұқсан келтірмеуі керек. Біз тарихты сөз жарыстыратын емес, ой жарастыратын, пікір талас­тыратын емес, табыстыратын та­ғы­лым ретінде қарауымыз қа­жет», деді Мәмбет Қойгелді.

Осы ойды қуаттаған Ж.Ба­ласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетіне қарасты Тарих институтының профессоры Асан Ормушев «Қырғыз-қазақ мәдени мәмілелері» тақырыбында баяндама жасап, туыстық туын биік ұстау аса маңызды екеніне тоқ­талды.

«Шоқан Уәлиханов қырғыз мәдениетіне елеулі үлес қосты. Манасты алғаш ғылыми кеңістікке алып шығып, әлемге танылуына ықпал етті. Сол секілді Мұхтар Әуе­зов пен Шыңғыс Айтматовтың рухани достығы – екі елдің мә­дени байланыстарының шы­ңы. Манас туралы талас-тартыс болғанда Әуезов араша түсті. Сүйінбай, Қатаған, Тоқтоғұл, Жеңіжоқ, Жамбыл секілді жыр жампоздарының айтысы руха­нияттың ортақ мұрасына айналды. Қазақ пен қырғыздың ын­­тымағы ірі тұлғалардың тілек­­­­­тестігімен берік. Біз осыны ұмыт­­­пауға тиіспіз», деп атап өтті Асан Ормушев.

Қазақ пен қырғыз екі ұлт болғандықтан, олардың арасында кей кездері ұлттық мүдде қақ­тығыстары туындауы заңды. Мүдде қақтығыстары – ұлттар арасында ғана емес, бір ұлттың өз ішіндегі қоғамдық топтар арасында да үнемі болып тұратын құбылыс. Мұндай мәселелерге тарихи дәуірдегі жағдайды ескере отырып, неғұрлым объективті баға беріп, ғибратты тұжырымдама жасау маңызды. Осылай деген Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы «Қазіргі заманғы Қы­тайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұқамет­қанұлы XVIII ғасырдағы қазақ-қырғыз қатынастары мәсе­лесіне шолу жасады.

«Қазақ пен қырғыз – туысқан халықтар, олардың шыққан тегі, географиялық ортасы, тарихи мәдениеті, өндіріс формасы, тұрмыстық ғұрып-әдеттері мен дүниетанымдары бір-біріне өте жақын. Ұлттарда ортақтықтар көп болса, олардың арасында жарасымды қатынас сақталатыны заңды. 1755 жылы мамырда Цин империясы 200 мың қалың қолмен жоңғарларға жорық жа­сап, Жоңғар хандығын жойы­п, елі мен жерін өзінің тікелей бас­қаруына алды. Сондай-ақ Орталық Азия елдеріне үлкен қауіп-қатер төндірді. Осы кезде Абылай хан қырғыз және басқа ортаазиялық елдермен Цин империясына қарсы одақ құруды қарастырды. Жоңғар князы Әмірсананың Цин патшалығына қарсы жасаған қарулы көтерілісі, Цин империясының қазақтарға саяси-әскери қысым жасауына мұрындық болды. Алайда бұл дағдарысты Абылай хан бейбіт жолмен шешіп, Цин патшалығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. ХVIII ғасырдағы қазақ пен қырғыздың саяси қарым-қатынастары екі түрлі болған: сыртқы жау қауіп-қатер төндірген кезде, олар бірлесіп, одақтасып ортақ жау­ға қарсы күрес жүргізді; ал ұлт­тық мүдделері қарама-қар­сы келген кезде, олар­дың ара­сын­­да қақтығыс орын алып отыр­ды. Алайда олар туыс­қан ұлттар болғандықтан бір-бі­ріне тым қатыгездік жасамады, ке­лісімге келіп, жарасымды қаты­нас сақтады», дейді Н.Мұ­қаметқанұлы.

Кеңес одағы ыдырап, оның құрамында болған қазақ пен қыр­ғыз елі өз тәуелсіздігін ал­ған­нан кейін ғана ұлт зиялы­ларының қызметі концептуалдық тұрғыдан қайта қорытылып, жаңа көзқарастар тұрғысынан зерттеле бастағаны белгілі. Сон­дықтан қазақ және қырғыз қай­раткерлерінің өткен ғасырдың басында бірлесіп атқарған қыз­метіне әділ тарихи баға б­ерілуі керек деген Ш.Уәлиханов атын­­­дағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарихшы Шәмек Тілеубаев баян­дамасын осы бағытқа арна­ды.

«Қазақ зиялылары Ыбырайым Жайнақов, Қайсерке Тоқсанбаев, Иса Тергеусізов, Әубәкір Жа­қыпбаев, қырғыз зиялылары Дүр Саурамбаев, Ишанғали Арабаев, Қасымбай Телтаев, Жәнек Солтонаев, Мәмбетәлі Мұраталиндердің атқарған қыз­метіне әділ тарихи баға берілуі керек. Олар елдің болашағы мен ұлттың бірегейлігін сақтау жолында ерекше қызмет атқарды, Алаш қозғалысына белсенді атсалысты. Өзінің азаматтық және саяси ұстанымын айқын да анық көрсеткен қазақ және қырғыз зиялыларының ХХ ғасырдың басындағы ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметі терең зерделеуді қажет етеді. Мысалы, 1910 жылы 21 қазанда Жетісу өңірінің қазақ және қырғыз зия­лылары мен ауқатты топ өкіл­дері жасырын жиын өткізген. Бұл жиын орыс әскерлерінің қо­қандықтармен Ұзынағаш түбінде болған шайқастағы же­ңісінің 50 жылдығын Ресей им­периясының жергілікті әкім­шілік орындарының «салтанатты» түрде атап өтуі кезінде ұйымдастырылған еді. Осы салтанатты атап өтуге орыс хал­қының өкілдерінен басқа об­лыстағы қазақ және қырғыз халықтарының би-болыстары, манап­тары мен атақты адамдары да шақырылған еді. Сол жиын кезінде Жетісу өңірінің зия­лы­лары Барлыбек Сыртанов пен Ыбырайым Жайнақов, Верный уезі Шамалған болысының бас­қарушысы Мәнке Смаилов, сон­дай-ақ бұрын болыс болған, би Бекболат Әшекеев, Пішпек уезі Тынай болыстығының болысы, қырғыз зиялысы Дүр Саурамбаев, белгілі қырғыз манабы Шабдан Жантаев және т.б. белсенді азаматтар жасырын түрде жиын өткізуді ұйымдастырған-ды. Ұзын­ағаш съезі атанған қазақтар мен қырғыздардың 50 шақты өкілі қатысқан бұл жиын 21 қазан күні кешкісін Казанско-Богородский (Ұзынағаш) селосында өтеді. Онда қазақ-қырғыздардың отарлық сая­сат нәтижесінде бастан кешіп отырған тауқыметі талқыланып, жергілікті әкімшілік орындары тарапынан қазақ пен қырғызға жасалып жатқан қысымға ор­талық билік орындарының назарын бұру үшін Санкт-Петер­бургке арнайы өкіл жіберу мәселесі қаралады. Көпшіліктің ұсынысы бойынша Петербургке жіберілетін өкіл ретінде қазақ зия­­лысы Бар­­лыбек Сыртанов, онымен бірге қырғыз зиялысы Дүр Сау­рам­баев белгіленеді. Сондай-ақ съездің кезінде Б.Сыртановтың Петербургке баруы үшін деп 500 сом ақша жиналды. Мұндай қаржы съездің ұйғарымы бойынша облыстағы уездерден де жиналатын болып келісілген», деді өз баяндамасында Шәмек Тілеубаев.

Ғылыми басқосуда көпшілік назарына ұсынылған негізгі баяндаманың бірі «Кенесары ханның соңғы шайқасы: барысы мен салдары» деп аталды. Баян­дама авторы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қыз­меткері, тарихшы Рашид Ора­зов Кенесары ханның қырғыз жасақтарымен қақтығысы қар­саңында Жетісуда қалыптасқан саяси жағдай хан қолының пайдасы жағында болмағанын тілге тиек етті.

«Ресейдің Батыс Сібір әкім­шілік орындары жергілікті Ұлы жүз басшыларын Кенесары хан ұстанымын қолдамауға иландырып үлгерген еді. Сондай-ақ ішкі ауызбірлігі және Ресей экспансия­сына қарсы қоярлық нақты күші жоқ қазақ қоғамы үшін басқа балама жол да жоқ-тын. Қалыптасқан объективті жағдай азатшыл ұс­танымдағы Кене хан мен оның қосынын қай­шылықты да күрделі жағ­­­дайға әкеліп тіреді. Бұған қосым­ша қырғыз елінің іргесіне келіп тоқтаған Кене хан көрші әрі туыс халықтың билеушілеріне сырттан төнген қауіпке қарсы одақ құруды ұсынды. Тура осы мезгілде қырғыз билеушілеріне Батыс Сібір әкімшілігі тарапынан да ұсыныс түсіп, онда Кенесарыға соққы беру жөнінде айтылып, қажет болса әскери көмек беруге даяр екенін білдіреді. Қырғыз манаптары Ресей әкімшілігі тарапынан айтылған ұсынысты қабыл алады. Кенесары ханның қырғызға жасаған шабуылы, 1847 жылы болған қазасы қазіргі қазақ пен қырғыздың бауырлас қатынасына ешқандай сызат түсіре алмайды. Ол кездегі заман, жағдай басқа. Патша өкі­метіне, оның қазақ жерінде жүргізген өктем саясатына қарсы тұрған Кенесары бейнесі еш төмен­­де­мейді», деді Рашид Оразов.

Қазақ халқы 1916–1917 жылдары қырғыздар бастан өткерген үркіншілік тұсында, қырғыз халқы Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде ауызбірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп, кейінгі ұрпаққа терең мағыналы үлгі қалдырғанын мәлім­деген Ж.Баласағұн атын­дағы Қырғыз ұлттық универ­ситетінің профессоры, тарихшы Тыныштықбек Чоротегин екі ел тарихшылары қазақ-қыр­ғыз қатынасы тарихының мәселелерін талқылау барысында жүзеге асырылуы қажет келесі іс-шараларды мақұлдағанын жеткізді. Олар: қазақ және қырғыз халықтарының ертеден келе жат­­­­­­қан әлеуметтік, мәдени байланыстарынан, достық, бауыр­­­ластық қатынасынан тарихи сабақ алу, екі елдің ын­тымақтастығы мен достық қарым-қатынастарын дұрыс насихаттау, тарих жазуда, академиялық басылымдар мен оқулықтар жазуда белгілі бір мәселелер бойын­ша ортақ дұрыс ұстаным қалыптастыру, жаңа архив мә­ліметтерін іздестіру, анықтау, жи­нақтау және жариялау арқылы қазақ және қырғыз халықтарының тарихы мен мә­дениетіне қатысты, көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы зерттеушілерге тарихи деректерінің кеңеюіне ықпал ету, ортақ тарихи тақырыптарға байланысты ғылыми зерттеулер жүргізу және дұрыс ғылыми еңбектер жариялау, бірлескен ғылыми шаралар өткізу секілді маңызды міндеттерді қамтиды.

 

БІШКЕК