• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:45

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру кімге тиімді?

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен ІІІ отырысында есірткі сау­дасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымының жастар арасында жаппай белең алып бара жатқанын кезекті мәрте тілге тиек етті. Бұл індетпен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін екенін ескерткен Президент: «Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет», деп нақты тапсырма берді.

Расында, бұған дейін есірткі қылмысының ең басында тұрған ұйымдастырушылары мен олардың қолжаулығына айналған таратушылар, соның ішінде «жасырып кетуші» болып жалданған жасөспірімдер заң алдында бірдей жазаланып келген еді. Әрине, заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Десе де, кейбір жасөспірімдер мен жастар құқықтық сауатсыздығы мен аңғалдығы салдарынан аста-төк ақшаға қарық қылам деген «ұсыныстардан» бас тарта  алмай, ақыр аяғында құрық­талғаны белгілі. Прези­дент айтқан ұсыныстың мәні – қылмыс­тық заңнаманы ізгі­лендіру арқылы есірткі қыл­мысын ұйым­дастырушылардың жазасын барынша қатаңдатып, ал орындаушылар жауапкер­шілігін жеңілдету.

Осы жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық ко­декс­тің 297-бабындағы есірткіні заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау қыл­мыс­тары үшін берілетін жаза мер­зімдеріне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойып, наурыз айында жаңа нормалар күшіне енді. Сол­түстік Қазақстан облысының прокуроры Қайрат Әбдіхановтың айтуынша, осы өзгерістерге орай кей­бір баптың санкциялары жеңілде­тіліп, ал кейбір қылмыстар үшін берілетін жаза керісінше өмір бойы­на бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылған. Осылайша, есірт­кі, психотропты заттарды, сол тек­тестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау секілді қылмыс жасап, сотталған адамдар Қылмыстық кодекстің 6-бабы, яғни қылмыстық заңның кері күшін пайдаланып, жаза мерзімін қайта қарау құқығына ие болды.

«Мысалы, бұрын есірткіні аз мөлшерде өткізу үшін жаза мерзімі 5 жылдан 10 жылға дейін болса, қазір ол 5–8 жылға дейін қысқарды. Аса ірі кө­лемде өткізу 10–15 жылдан 7–12 жылға дейін азайды. Мұн­дай өзгерістер «жасырып кету­шілердің» көбін жасөспірім­дер мен жас­тар құрайтынына бай­ланысты енгізілді. Өйткені олар есірткі заттарын өзде­рі дайындамайды, тек есірткі желі­лерін ұйымдастырушылардың қолжаулығы болған. Сонымен қатар енгізілген өзгерістер бо­йынша есірткі қылмысын ұйым­дастырушылар, соның ішінде лауазымды тұлғалар үшін жауап­кершілік барынша қатаңдатылды. Атап айтқанда, олар­дың дүние-мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», дейді ол.

Қ.Әбдіхановтің сөзіне қара­ғанда, заңнамадағы өзгерістерден кейін Солтүстік Қазақстан облысында 161 сотталғанның істері қайта қарау үшін сотқа жіберіліп, қазіргі таңда 39 іс қаралып үлг­ерген. Нәтижесінде, 4 сотталған қамаудан бірден босатылса, 31 адам­­­ның мерзімі қысқарыпты. 4 сот­­тал­ғанның мерзімі сол күйін­де өзгеріссіз қалдырылған.

«Мәселен, Ф. есімді азамат 2017 жылы ҚК 297-бабының 3-тар­ма­ғы бойынша 11 жылға бас бостан­дығынан айырылған екен. Биыл 27 наурызда сот оның өтінішін қа­на­ғаттандырып, жаза мерзімін 8 жылға дейін қысқартты. Бұл кезде ол абақтыда 8 жыл отырғандықтан, бірден бостандыққа шығарылды. 2018 жылы дәл осы баппен 11 жылға сотталған М. есімді аза­мат­­тың да мерзімі 8 жылға азай­тылған еді. Қазір оның темір тордың арғы жағында отырғанына 7 жыл 9 ай болды. Жақын арада ол да бостандыққа шықпақ», дейді облыс прокуроры.

Бүгінде Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістердің орында­лу барысы Бас прокурордың ай­рықша бақылауында тұр. Өңір­лер­де жаңа нормалардың іске асырылуы – жергілікті про­кура­тура органдарының тіке­лей қада­ғалауында. Осыған орай облыстық прокуратура қыз­мет­керлері қыл­мыс­тық про­цесс­тердің барлық кезеңінде заңды­лықтың сақталуын бақылап, құқықтық қолдау көрсетіп, сот отырыстарына қатысып келеді. Олар жаңа нормалардың дұ­рыс қолданылуымен қатар, соттал­ғандар құқығының қорғалуын назарда ұстап отыр.

Еліміз бойынша есірткі қыл­мы­сымен ұсталып, істі болған көп адам бостандық алып жатыр. Кейбірінің жаза мерзімі қысқартылып, әне-міне деп азаттықтың есігін айқара ашуға әзір. Дегенмен еркіндікке шыққан соң, бұл азаматтар бұрынғы «кәсібіне» қайта оралмауы үшін не істеу керек? СҚО прокурорының айтуынша, олардың қылмысқа қай­тадан оралмай, қалыпты өмір кешуі үшін абақтыда отырған кезі­нен бастап заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған тәр­бие­лік іс-шаралар жүргізіледі екен. Дегенмен абақтыдан босаған адамның барынша түзеліп кетуіне ең біріншіден оның жұмыспен қамтылуы себепші болатынын айтады.

«Қазіргі таңда облыстағы мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың 62 пайызы жұ­мыспен қамтылған, оның 12 па­йызы – есірткі қылмыстары үшін істі болғандар. Сонымен қа­тар, колонияда отырған адамдар ар­найы оқудан өтіп, тігінші, құры­лысшы, слесарь-механик, әрлеуші-шебер, көгалдандырушы, аяқкиім тігу­ші, шаштараз, омарташы секілді мамандықтарды игеріп жатыр. Ертең бостандыққа шыққанда бұл олардың жұмыс табуына оң ықпал етеді. Бұған қоса мекеме аумақ­тарында 17 кәсіпкер өз өндірістерін ашты. Атап айтқанда, ағаш өңдеу, металл өңдеу, дәнекер­леу, әйелдер киімі, нысанды киім-кешек, арнайы киімдер, төсек-орын жабдығын тігу секілді жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар колонияларға жылыжайлар орнатылып, жыл бойы­на көкөніс егіледі. Осының бәрі сотталғандар күшімен атқарылып жатыр», дейді ол.

Облыс прокуроры әңгіменің орайы келгенде сотталғандар еңбе­гінің арқасында қол жеткізілген бірқатар жағымды ақпаратпен бөлісе кетті. Мысалы, облыстағы бір түрменің аумағында ағаш табан­дықтар (поддон) өндіру ісі жолға қойылыпты. Бұл өнімдер елімізді былай қойғанда, Еуропаға дейін экспортталып жатыр. «Щегол» ЖШС директоры, кәсіпкер Евгений Щеголовтың үлгілі мысалын да айта кеткен орынды. Ол 12 жылдан бері әйелдер колониясында өз өндірісін жүргізіп жатыр. Алғашқыда шағын цехта 20 шақты сотталған еңбек етсе, қазір оның қарамағында 88 әйел жұмыс істейді. Олар іс тігеді. Кәсіп­кер екі қабатты ғимаратты са­тып алып, жатақхана ретінде жөн­деу­ден өткізді. Қарамағындағы жұмысшылар бостандыққа шық­қаннан кейін де тігін цехында еңбегін жалғастырып, аталған жатақханада тұра береді», дейді Қ.Әбдіханов.

Әлбетте, кез келген аурудың сал­­дарымен емес, себебімен күрес­кен орынды. Есірткі қылмысы да бұ­­дан тыс емес. Осы орайда жас­тары­­мыздың ауырдың үстімен, жеңіл­­дің астымен жүріп, оңай «олжа» табуға тырысып есірткі тасы­­малдау қылмысына бармауы үшін не істеу керек? Бұл – бүгін­де құқық қорғау және осы мәсе­леге жауапты мемлекеттік орган­дардың тікелей назарында тұр­ған өзекті мәселе. Соның ішінде жас­өспірімдер мен жастар арасындағы профилактикалық іс-шаралардың орны айрықша.

«Биыл ақпан айында Пет­ропавл құрылыс-экономика кол­леджінің 30 студентін әйелдер колониясында (№50 мекеме) жазасын өтеп жатқан сотталғандар­мен кездестірдік. Бұл қыздар да қылмыс жасап, ұсталған уақытта дәл осындай студент еді. Олар колледж жастарына есірткіні «жасырып кетуші» болып жүргенде бұны жеңіл жолмен ақша табу деп ойлағандарын, алайда көп өтпей бостандығы көзден бұлбұл ұшқанда ғана өкініштен сан соққанын баяндап берді. Былтыр да облыстық прокуратураның бастамасымен осы оқу орнында білім алып жатқан 200-дей студенттің сотталған «жасырып кетушілермен» кездесуі ұйымдастырылған еді. Темір тор­дың арғы жағында отырған жас жігіттер мен қыздардың оқиғалары студенттерді терең ойға жетелеп, заңнан аттаудың арты жақсы болмайтынын ұқтырды», дейді Қ.Әбдіханов.

Бүгінде СҚО Полиция депа­таменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастамасымен журналист Зәкіржан Мамлютов түсірген «Закладчики. Расплата» деректі фильмі об­лыстың мектептері мен жоғары оқу орындарында көрсетіліп жатыр. Бұл да – жеңіл жолмен ақша табуды көздеп, түрмеге тоғытылған жастардың шынайы өмірінен алынған деректерге негізделген туынды.

Бұған қоса Солтүстік Қазақстан облысында 2024–2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы іс-қимыл жол картасы әзірленген. Осы құжат шеңберінде дөңгелек үстелдер, профилактикалық әңгімелер, тәр­бие сағаттары, акциялар, буклет тарату, рейдтер, фильм көрсе­тілімдері, есірткіні жарнамалайтын граффити жазуларды өшіру, дәрістер, т.б. іс-шаралар өткізіліп келеді.

Жалпы алғанда, мамандар Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер аяғын шалыс басқан азаматтардың қоғамға тезірек ора­луына, қылмыстық атқару жүйе­­сіне түсетін жүктемені азай­туға, еліміздегі қылмыстық жауап­кершілік жүйесін әділ әрі тең­герімді етуге мүмкіндік бергенін айтады.