• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Таным Бүгін, 09:55

Апталық дайджест: Икемділерге арналған игілік

10 рет
көрсетілді

Экономика өсіп жатыр, бірақ бұл жеке инвес­тицияның емес, бюджет қаржысының «жетістігі». Доллар теңгеге ауысып жатқандай көрінгенмен, капитал сыртқа кетіп жатыр.

Ranking.kz: 

Білімге инвестиция 6 есе артты, алайда...

2024 жылдың алғашқы 4 айында білім беру саласына салынған инвестиция рекордтық деңгейге жетті. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, негізгі капиталға 422,8 млрд теңге құйылды. Ranking.kz па­йымдауынша, осы қуанышты деректің көлеңкесінде маңызды мәселе жатыр. Ол – өңірлер арасындағы инвес­­­ти­циялық теңсіздік. Жоғары инвестиция көлемі Алматы (75,5 млрд тг), Астана (66,8 млрд тг), Түркістан облысы (50,6 млрд тг), Шымкент (37,3 млрд тг) пен Алматы облысына (34 млрд тг) тиесілі болса, Ұлытау облысы бар болғаны 942,2 млн теңге ­инвестиция тартқан. Солтүстік Қазақстан (2 млрд тг) мен Жетісу облысы (4,4 млрд тг) да соңғы сатыда тұр.

«Инвестицияның 80,8%-ы республикалық бюджеттен бөлінген. Орталыққа ғана тікелей қолдау көрсету дұрыс емес. Қаржы өңірлер арасында әділ бөлінуі керек. Елдегі білім беру сапасы сонда тең болады», деп жазған зерттеушілер.

Мамандардың пікірінше, жай ғана ғимарат салып, құрал-жабдық сатып алу жеткіліксіз. Мазмұн мен әдістеме өзгермей, сапалы кадр даярланбай, инвестиция тиімді болмайды. Сондықтан алдағы уақытта тек инфрақұрылымды емес, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру, оқу бағдарламаларын жаңғырту, әдістемелік қолдауды күшейту негізгі басымдық болуға тиіс.

 

Telegram:

Түйінді мәселе – сенімде

Бізде долларлық депозиттерге 1%-дық табыс шектеуі енгізілгелі бері ел ішіндегі қаржы теңгеге ауысып жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда экономист Ғалым Құсайынов «Galim’s channel» телеграм арнасында бұл құбылыстың сырттай ғана оң әсері бар екенін, шын мәнінде, бұл саясат елдегі инвестициялық әлеуетті төмендетіп, капиталдың сыртқа кетуіне жол ашқанын айтады.

 «Ұлттық банк теңгелік активтерді ынталандырамыз деп, валюталық депозиттерді шектеді. Ал әлемде пайыздық мөлшерлемелер өскен кезде біздің 1%-дық шектеу халықты сыртқа қарауға мәжбүр етті. Кейінгі үш жылда жеке сектор шетелге 12,6 млрд доллар апарған. Бұл шамамен 6,5 трлн теңге. Салыстыру үшін айта кетсек, елдегі барлық валюталық депозит көлемі 8-9 трлн теңге ғана. Яғни халықтың жарты қаржысы қазір елден тыс жерде жұмыс істеп тұр», дейді ол.

Инвесторлар бұл ақшаны АҚШ, Еуропа, Түркия немесе БАӘ нарығына бағыттайды. Өйткені онда тәуекел аз, табыс жоғары. Біз болсақ, инвестиция жетпейді деп отырмыз. Банктер де бұл шектеудің кемшілігін жақсы түсінеді. Халық банкі VIP клиенттеріне жылдық 3,5% табысы бар валюталық облигация ұсынуда. Бұл депозит емес, бірақ долларды елде ұстаудың бір амалы. Дегенмен бұл да ақшаның нақты экономикаға бағытталуына көмектеспейді.

 «Түйінді мәселе – шектеуде емес, сенімде. Теңгеге деген сенім әлсіз болған сайын, халық валюталық активтерге жүгінеді. Бірақ бұл қаражат ел ішінде емес, шетелде жұмыс істейді. Біз девальвациялық тәуекелдерді халықтың мойнына жүктеп отырмыз. Ал бұл сенім жоғалтуға, ақшаның сыртқа кетуіне және ішкі инвестиция тапшылығына алып келеді», деп түйіндейді сарапшы.

 

YouTube:

Салған ақшаң – сиқыр емес

Бүгінде инвестицияға деген қызы­ғушылық артып келеді. «Ақшамды еселеп өсірсем» дейтіндер көп. Бірақ Дана Молдақұлованың «Narikbi LIVE» подкастындағы пікірі бұл үміттің көбінің бос қиялға айналатынын көрсетіп отыр.

Сарапшының айтуынша, инвестиция тақырыбына келетіндердің көбі қаржы құралдарын мүлде түсінбейді. Олар үшін «инвестиция» – жай ғана ақшаны бір жерге салып, табыс күту. Қайда, неге, қандай тәуекелмен деген сұрақтар қойылмайды. Есесіне, «осы жоба жақсы дейді», «пәленшеге ақша салдым, ол біледі» деген оймен шешім қабылдайды. Яғни қаржылық жауапкершіліктің орнына сенім мен «қатардан қалмау» психологиясы алға шығады.

«Адамдар ақшасын салады, бірақ не сатып алғанын да, қандай компания екенін де білмейді. Қарап тұрсаң, өзгенің ақылына сеніп берген. Артынша алданып, өзін емес, сол адамды кінәлайды. Инвестициядағы тағы бір өткір мәселе – кеңес берушілер институтының әлсіздігі. Қазір өзін «кеңесші» атап жүргендердің көбі нақты сарапшы емес. Олар клиенттің жағдайын толық зерттемей-ақ, «өнім сату» мақсатын ғана көздейді. Көбіне өздеріне комиссия әкелетін құралды ұсынады. Мысалы, адамның несиесі бар. Ал оған «саған инвестиция керек» деп тағы бір қаржы құралын ұсынып, жағдайын қиындатып жібереді. Бұл – инвестиция емес, абайсыз қаржылық батпаққа батудың жолы», дейді сарапшы.

Сондай-ақ нарықта түрлі «фейк» кеңесші, вайнер мен блогерлердің де әсері жоғары. Олар жарнамалаған жобалар шын мәнінде сенімсіз, тіпті алаяқтық сипатында болуы мүмкін. Бірақ аудитория сенеді, өйткені көрерменге «инфлюенсер» танымал адам ретінде әсер етеді, ал инвестицияның шынайы табиғаты көлеңкеде қалады.

«Сіз инвестиция жасаған кезде, ол ақша сіздікі екенін естен шығармаңыз. Оның тағдырына тек сіз жауаптысыз», дейді Дана.