Кейінгі бірнеше жылдың бедерінде облыс орталығы Тараз қаласының көшелері едәуір жаңарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көлік-логистика саласын жақсарту, қала жолдарының сапасын арттыру туралы тапсырма бергені белгілі. Содан да болса керек, қала ішіндегі көше жолдарының сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, бұл бағытта қолға алынған жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес.
Таразда өткен жылы басталған негізгі көшелердің жолын жөндеу, жаңадан жол салу жұмысы биыл да қарқынды жалғасын тауып жатыр. «Жол азабын тартудай-ақ тартып келдік. Бізге қашан жол салынады?» деп әлденеше жыл бойы жергілікті атқарушы билікке базынасын айтқан тараздық әлеуметтің өтінішін шаһар басшысы жіті назарда ұстап отыр.
Әсіресе еліміздегі ең үлкен шағын аудан санатына енген «Ұлы дала» шағын ауданының маңындағы «Бурыл» тұрғын алабында қоныстанған тұрғындар өтініші қанағаттандырылып, бірнеше көшеге жаңа асфальт салынғанына халық риза.
Қала билігі келтірген дерекке жүгінсек, облыс орталығындағы жол жөндеу жобаларының саны өткен жылғы дерекпен салыстырғанда екі есеге дейін артқан. Бұл ретте, халық сұранысына орай, облыс орталығындағы негізгі көшелердің жолын қалпына келтіруге басымдық беріліп отыр.
Жалпы, Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге қазынадан 28 млрд теңге қарастырылған, оның едәуір бөлігі облыс орталығына бағытталған.
«Биыл жалпы ұзындығы 61,4 шақырымды құрайтын 95 көше, бұрылыс, тұйық, өткелге орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, 100 көшеге, 20 тұрғын алабына шағал төселіп, жалпы ұзындығы 35,3 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді. Осылайша, жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыруға ден қойып отырмыз. Жұмысты халық талап-тілек еткендей, барынша сапалы атқаруға ниеттіміз», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.
Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін БАҚ өкілдерімен жүздесіп, облыс орталығындағы көше жолдарын қалпына келтіру бағытында қолдан келгенше қызмет атқаратынын мәлім еткен еді. Шаһар басшысы «Бурыл» тұрғын алабындағы көшелерге жаңадан жол салуға ықпал ету арқылы жергілікті халықтың негізгі мәселесін шешуге басымдық беріп отырғанын дәлелдеді. «Бурыл» тұрғын алабы «Ұлы дала» шағын ауданымен қапталдасып жатқанын, мұнда бірнеше қоғамдық көлік қатынайтынын ескерсек, қала әкімінің бұл қадамы, расында да, көңіл қуантады.
«Облыс орталығындағы 37 көше, бұрылыс, тұйықтар мен өткелдерде жол жөндеу жоспарға сәйкес қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Бурыл А, Б, В» тұрғын алабындағы жалпы ұзындығы 33,2 шақырымды құрайтын 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған болса, қазірге дейін 61 көшеде жұмыс аяқталған. Қалған 14 көшеге де жол төселеді», дейді қала әкімінің орынбасары.
Тараздағы жол жөндеу жұмысы жергілікті халықтың көңілінен шығып отыр. Шаһар тұрғындары жылдар бойы айтылған өзекті мәселенің дер кезінде оңынан шешіліп жатқанына қуанышты. Сол ретте қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыс тоқтамаса екен деп тілейді.
«Біраз жыл бойы айтылып келген көкейкесті мәселе шешімін тауып жатыр. Көшелер жарықтандырылған, ауызсу мәселесі шешілген. Енді, міне, қала әкімдігі берген уәдесін орындап, көшелерге асфальт төсеп жатыр. Жол азабын жылдар бойы бір кісідей сезіндік. Тұрғындар талай рет көтерген өзекті мәселенің оңынан шешілгеніне, жалпы алғанда, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға жергілікті жұрт дән риза», дейді Тараз қаласының тұрғыны, ардагер Бақыт Самыратбеков.
Расында да, кейінгі бірнеше жылда облыс орталығында көше жолдарын жөндеу, жаңадан жол салу, көшелерді жарықтандыру жұмысы жоғары қарқында жүргізіліп жатыр. Шаһар басшысының екі жыл бұрын берген уәдесін уақтылы орындап жатқаны көңіл тоғайтады.
Тараз