Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музей қорында құнды жәдігер бар. Оның анықтамалығында дарабоз батыр «Қабанбайдың қанжары» деп жазылған.
Қанжардың сабы мүйіз, жетесін қорғасын құйып шегендеген. Тегі бұл бертінде жасалған реставраторлар жұмысы болса керек. Қанжардың қыр арқасынан бастап, жетесінен созылған қос ойма қобы сызығы бар. Ұш жағы кәдімгі пышақ сияқты қайқы. Қанжар-экспонаттың құжатында: жалпы ұзындығы – 34,4 см, сабы – 11 см, салмағы 0,8 кило делініпті және бұл бұйымды музей қорына өткізген адам ретінде танымал суретші Сахи Романов есімі тіркелген.
Аталған жәдігер туралы қабанбайтанушы және елорда маңындағы батыр зиратының шырақшысы Камал Әбдірахман ағамыздан сұрап көрдік.
«Бұл «қанжар» емес, сапы, – дейді Камал аға. – Жәдігерді 1980 жылы белгілі мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков музейге өткізген. Мен бұл туралы Өзағаңның өзінен сұрап, толық мәлімет алғанмын. Ол кісіден «Аға, Түркістандағы батыр атамыздың сапысын музейге сіз тапсырған екенсіз, ол бұйым қолыңызға қалай түскенін айтып бермейсіз бе?» дедім. Сондағы Өзағаның берген жауабы: «1723 жылы Әбілмансұрдың атасы қанішер Абылай Түркістанды жауға тастап қашып кеткен тұста, Қабанбай батыр ұрандап жүріп бытыраған халықты жинап, жауға қарсы тұрады. Батырдың жанқиярлығына риза болған халық басшысыз қалған елге Қабанбайды хан көтеріпті. Қабакеңнің «Хан батыр» атанған себебі сол. Осы рәсім кезіндегі «Хан талапайда» Қабекеңнің сапысы біздің аталарымыздың қолына түсіпті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып маған жетті. Мен оны музейге өткіздім. Бар-жоғы осы», депті.