• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:50

Кедергісіз кәсіп – дамудың кілті

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлердің жағдайына тоқталып: «Кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек. Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бо­йынша мен нақты ұстанымды айттым. Бірақ кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс», деп тапсырған.

Осы орайда Ұлытау облысында кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен құралдардың барлық спектрі пайдаланылады. «Даму» қоры және екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау» шеңберінде биылдан бас­тап жалпы құны 3,2 млрд теңгеге 67 жоба қаржыландырылды. Жалпы, жылдан-жылға қолдау көрсетілген жобалар саны оң динамика көрсетіп, тұрақты өсіп келеді. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салық түсімінің артуына ықпал етеді. 2023–2024 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3,4 млрд теңгеге 420 жоба қаржы­ландырылды. Биыл атал­ған бағдарламаға 700 млн теңге қаражат қарастырылған. 2025 жылы «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираж­дау» бағдарламасы арқылы 5 млрд теңгеге 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыста кәсіпкерлік мәселе­лері жөніндегі өңірлік кеңестер құрылған. Жыл басынан бері мыңнан аса шағын және орта кәсіп­керлік субъектілеріне биз­несті ашу және жүргізу бо­йынша ақпараттық-консуль­тациялық кездесулер, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу жөніндегі қызметтер көрсетілді. Бұған қоса инвес­тор­лардың мәселелерін жедел қарастырып, шешу мақсатында жыл басынан бері төрт инвес­тициялық штаб отырысы өткі­зілді.

Ұлытау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Даму» қоры және «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, сондай-ақ екінші деңгейлі банк­тер өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік қолдау шараларын насихаттау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді. Сондай-ақ прокуратура және басқа да құзыретті органдармен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін жедел шешу бо­йынша тиісті жұмыс жүргізіледі.

Өндіріс ошақтарында тәртіп пен заңның сақталмауы жеке адамның өмірін ғана емес, бүкіл өндіріске кері әсерін тигізеді. Отандық тауар өндірушілердің негізгі көрсеткіші өңдеу өнер­кәсібімен айқындалады. Биыл қаңтар-сәуір айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 368 млрд теңгені құраған. Былтырғымен салыстырғанда 28 пайызға өскен. Ұлытау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин металлургиялық өндіріс көле­мінің төмендеу себебін былай түсіндіреді: «Көрсеткіштің төмендеу себебі, «Қазақмыс» корпорациясының осы жылы Жомарт кенішіндегі апатқа қатысты жұмыстың тоқта­уымен байланысты (Жомарт кенішінің жұмыс көлемі 50 пайызға азайды). Бұл көрсеткіш жарты жылдықта қалпына келеді. «Қазақмыс» корпорациясы «Жомарт» кенішінде жұмыс­тар­ды қайта бастады», дейді.

Ұлытау облысында биыл 3,2 млрд теңгеге 67 кәсіпкерлік ұйымға қолдау көрсетілді. Олардың көбі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Халыққа қызмет көрсету сапасын үнемі дамыту қадағаланып отыр. Өнім өндіретін, өндірісін кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге қолдау керек.

Заң мен тәртіпті қатаң ұстау керектігін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аппарат жиынында жиі құлаққағыс етеді. Жақында өткен жиында туризмнің дамуы, мемлекеттік қызметтерді дамыту мен цифр­ландыру, сәулет-құрылыс саласында атқарылған бақылау жұмыстары мәселелері қарал­ды. Отырыстың алғашқы сұрағы бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин баяндама жасады. Облыс әкімі бұл ретте Жезқазған әуежайы алаңдарында ақпараттандыруды күшейту үшін креативті индус­трия өкілдерін тартуды тапсырып, бөлінген қаражатты ұтымды пайдалану қажеттігін ескертті. Одан бөлек, келген қонақтарға туристік қызметтерді ұсынатын заңды тасымалдаушыларды іске қосуды жеделдету тапсырылды. Өңір басшысының айтуынша, Ұлытау ауданының өзінде туристер қызығатын орын көп, десе де қызмет көрсету сапасы төмен. Сол себепті де облыс әкімі аталған салаға инвестор тартудың аса қажет екенін айтты. Облыс әкімі Ұлытау ауданында глэмпинг жобасын іске асыру мәселесіне тағы бір мәрте тоқталып, «Ұлытау» геопаркін құру жұмыстарының қарқынын арттыруды, ерекше бақылауда ұстауды жүктеді.

Сондай-ақ әкім рұқсат құжатынсыз құрылысты бастап кететін, оны сапасыз салатын компаниялардың жұмысына жол бермеуді қатаң ескертті. Оған қоса үлескердің ақшасын алдын ала тартуға рұқсаты жоқ кә­сіп­керлердің нысандарын үз­діксіз бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.

Осы орайда Ұлытау об­лы­сын­дағы Халықаралық Медиа­ция орталығының директоры Жұлдыз Есмурзина кәсіпкерлердің құқы мен заңды мүддесін қорғау турасында сөз қозғады.

«Азаматтық заңнамамен реттелетін қатынас саласында кәсіпкерлер заңмен ты­йым салынғаннан басқа кез келген іс-әрекет жасауға құқылы. Кәсіпкерлердің құқы мен заңды мүддесін қорғау – бұл құқыққа қол сұқпауды қамтамасыз етуге, бұзған жағдайда және бұзу сал­дарын жойған кезде оны жүзеге асыруға, жан­дандыруға бағытталған заң­мен қарастырылған іс-шара­лар жүйесі. Кәсіпкерге Азаматтық кодекстің 2-бабымен танысу қажет, онда Азаматтық кодекстің негізгі қағидаларының біреуі – кім болса да жеке істерге араласпауы. Маған бір кәсіпкер хабарласты. Тексеріс жүргізіп, санитарлық жағынан мін та­уып, қайта-қайта мазасын алып, кәсіпкерге жұмыс істеткізбей қойған. Департамент пен кәсіп­керлердің арасында туындаған дауды медиация тәртібімен шешіп, олқылық­тарды түзеп, қайтадан жұмыс істеуге мүм­кін­шілік алды. Медиация – мүмкіндік алаңы. Кәсіпкерлер мен жұмыс беру­шілер арасында дау болады. Еңбекақысын төлемейтін жағдайлар болады. Сол кезде дауларды сотқа жеткізбей медиация тәртібімен шешіп, арадағы дауды мәмілеге келтіріп, еңбек­ақы­ларын тө­леп, медиация тәр­тібімен өз үлесімізді қосып отырмыз»,  дейді Ж.Есмурзина.

 

Ұлытау облысы