• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:45

Әбиба жаһандық рейтингтің көш басында!

20 рет
көрсетілді

Дзюдодан Будапешттегі әлем чемпионаты аяқ­талғаннан соң, IJF-тің рейтингі қайта жаңар­тылды. Дунай жаға­лауындағы жарыста ел қоржынына бір ғана күміс медаль түскені белгілі. Сол жүл­денің иегері Әбиба Әбу­жа­қынова қазіргі рейтингте әлем­де екін­ші орынды иеленеді. Оның алдын­да италиялық Ассун­та Скутто ғана. Дәл осы Апен­нин түбе­гінің аруы финалда Әбиба­дан ­айласын асырған еді.

Әйелдердің әлем­дік рейтин­гін­де Ассунта Скут­тодан бөлек, Италияның тағы бір дзю­дошысы көш бастап тұр. Ол – Аличе Белланди. 78 кг салмақта бел­десетін балуанның қор­жынында әлем чем­пио­наттарының толық жүлде жиын­тығы бар. Белланди 2023 жылы Дохада қола алса, 2024 жылы Абу-Дабиде күміс­пен күптелді. Ал күні кеше ғана ол Буда­пештте бас жүлдені олжалады. Сон­дай-ақ Аличе Париж Олим­пиа­да­сында алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ ко­соволық Дистрия Красничи (52 кг), Этери Липартелиани (57 кг), канадалық Кат­рин Бошмен-Пинар (63 кг), Лара Цвет­ко (70 кг) және франциялық Романа Дико (+78 кг) салмақ дәрежелерінде дара тұр.

Жоғарыда есімдері аталған бұрым­дылар арасынан Будапештте Ассунта Скутто, Аличе Белланди, Этери Липартелиани әлем чем­пионы атанды.­ Қал­­­ғандарына ондай бақ бұйырмады. Мәселен, Дистрия Красничи мен Лара Цветко финалда ұтылды. Романа Дико қола медальды қанағат тұтты. Олардың салмақтарында жапониялық Ута Абэ (52 кг), Харука Кадзю (63 кг), Сихо Танака (70 кг) және оңтүстіккореялық Ким Ха Юн (+78 кг) озды. Бір қызығы, соңғы әлемдік додада 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленіп, жал­пы есепте алдына жан сал­маған Жапонияның бірде-бір қызы IJF-тің рейтингінде көш бастауға қажетті ұпай қорын жия алмады.

Қазіргі кезде ТОП-10-дықтың қатарына Францияның 12 дзюдошысы енді. Бұл – әйелдер арасындағы ең үздік көр­сеткіш. Расында да, олар­дың мықтылығы еш күмән туғызбайды. Себебі фран­цуздардың қай қызын ал­сақ та, әрқайсының ата­ғы­нан ат үркеді. Аталған ко­манданың басты қарсыласы Жапонияның да жағдайы жақсы. Күншығыс елінің 8 балуаны үздік­тер санатында. Үшінші орында Гер­­ма­­ния құрамасы. Неміс қыздары­­ның алтауы сол межеден көрін­ді. Сондай-ақ озық ондық­тың қатарына мына мем­ле­кеттердің бұрымдылары еніп отыр: Италия, Испания, БАӘ, Израиль, Нидер­ланд, Хорватия – 3, Ресей, Қытай, Косово, Мажарстан, Канада, Оңтүстік Корея, Словения – 2, Қазақстан, Шве­ция, Моңғолия, Өзбекстан, Грузия, Сер­бия, Аустра­лия, Аустрия, Грекия, Пор­ту­галия, Ұлыбритания, Бразилия – 1.

Әлемдік рейтингте Әбиба Әбужа­қынованың екінші орында тұрғанын жоғарыда айттық. Жерлестеріміздің арасындағы одан кейінгі жақсы нәтиже Ғалия Тын­баеваға тиесілі. 48 кг салмақта күресіп жүрген ол 19-орынды иеленді. Ал өзге дзюдошы қыздарымыздың нәти­желері мынадай: Назгүл Маратова (+78 кг) – 33, Есімгүл Куюлова (63 кг) – 39, Кәмила Берліқаш (+78 кг) – 40, Ақерке Рамазанова (+78 кг) – 59, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 60, Бақыт Құсақбаева (57 кг) – 62, Екатерина Токарева (70 кг) – 68, Карина Тәкиева (+78 кг) – 69, Маргарита Гриценко (78 кг) – 96 кг, Самалай Ерғалиева (63 кг) – 98, Толағанай Әбеуова (52 кг) 100-орын.

Міне, ТОП-100-дікке енген дзюдошыларымыз осылар. Шыны керек, бұл күндері аса жеңіл салмақта табысты өнер көрсетіп жүрген Әбужақынованың ғана аяқ алысы қуантады. Ол қатарынан үш әлем чемпионатынан олжалы оралды. Алғашқы екеуінде қола медаль алса, бұл жолы күміске қол жеткізді. Осыған дейін еліміздің әйелдер дзюдосы өкілдерінің бірде-біреуі төрткүл дүние­нің теңдес­сіз­дері жиналған жарыстың финалында күрескен емес. Сол көшті Әбиба бастады. Онымен бір салмақта белдесетін Ғалия Тынбаеваның да аяқ алысы жаман емес. Будапештте жолы болмағанымен, ол басқа да халықаралық тур­­нирлерде жақсы өнер көр­сетіп жүр. Былтыр Ғалияның «Қазақстан бары­сында» топ жарып, Загребтегі Гранд-Слэмде күміс медаль иеленуі, биыл Бангкоктағы Азия чемпионатында үздік үштікті түйін­деуі – осы сөзіміздің айқын айғағы. Өкініш­ке қарай, өзге қыздардан ондай қарқын байқалмайды.

Соңғы жаңалықтар