Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында тарихшы, өлкетанушы, ауған соғысының ардагері Талғат Шәріпқалиевтің «Нарынның сырты – дала, іші – пана» атты кітабы оқырманға таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Талғат Шәріпқалиев – Бөкей ордасы өңірінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге елеулі үлес қосқан тұлға. Оның тарихи-танымдық мақалалары мен деректі материалдары Қазақстанның түрлі мерзімді басылымдарында жарық көріп, көпшілік оқырманның оң бағасына ие болған. Жаңа кітапта автордың республикалық және өңірлік баспасөзде жарияланған еңбектері, сонымен қатар замандастарының естеліктері топтастырылған» дейді осы кітаптың жарық көруіне еңбек сіңірген өлкетанушы Айболат Құрымбаев.
Ауған соғысының ардагері Талғат Шәріпқалиев өмірден ерте кетті. Бірақ осы қысқа ғұмырында өлкетанушы өзінің туған жері Бөкей ордасының терең тарихын барынша зерттеп, көптеген мақала жазған екен. Бірақ осы кезге дейін кітап болып шықпаған еді. Жаңа жинаққа ғалымның 70-ке жуық мақаласы енген. Мұнда Бөкей Ордасының тарихы, оның тұлғалары, мәдениеті және құқықтық жүйесінің қалыптасуы жайлы құнды деректер қамтылған.
Іс-шараға Алматы қаласынан марқұмның жары Нұржамал Есеева мен ұлы, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, тілшілер мен оқырмандар қатысты.
Батыс Қазақстан облысы