Өрт қаупі жоғары кезеңде еліміздің барлық өңірлерінде Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл шаралардың негізгі мақсаты табиғи өрттердің алдын алу, орманды және дала аймақтарында, сондай-ақ саяжай аумақтарында өрт қаупін азайту, сонымен қатар тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шығыс Қазақстан облысы аумағында 52 мобильдік топ құрылып, 390-ға жуық рейдтік іс-шара жүзеге асырылған. Құтқарушылардың айтуынша, шөпті рұқсатсыз жағу негізгі қауіптердің бірі болып отыр. Орманшылар мен ТЖД қызметкерлері бірлесіп орман маңында патрульдеуді күшейткен. Ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы аэровизуалды бақылау да жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 73 азамат өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Жамбыл облысында ішкі істер және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың, орманды қорғау қызметтерінің өкілдерімен бірлесіп 16 мобильдік топ құрылды. Олар орман алқаптарында 309 рейдтік іс-шара өткізді. Сондай-ақ елді мекендерде профилактикалық рейдтер, көпқабатты үйлердің аулаларында түсіндіру жұмыстары, балаларға арналған ашық есік күндері жүргізіледі. Рейд нәтижесінде орманды дала аймақтарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 232 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Маңғыстау облысын өрт сөндіру бекеттері құрылып, 6 мобильдік топ тәуліктік патрульдеу жүргізіп жатыр. Топтар құрғақ шөп пен қоқысты рұқсатсыз жағу фактілерінің алдын алып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Апта сайынғы рейдтердің қорытындысы бойынша 5 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Министрлік далада және орман алқаптарында демалғанда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. От жағуға, қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге тыйым салынады. Балаларға от пен сіріңкемен ойнаудың қауіптілігін түсіндіру маңызды. Өрт байқалған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.
ТЖМ тұрғындарды сергек болуға және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.