Қазір қоғамда алименттен қашқан әке көп. Үйленуін үйленіп алып, отбасы жауапкершілігін көтере алмай ажырасқан соң, бұрынғы әйелін бала-шағасымен тастап, «бостандық алдым» деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде, өмірге әкелген ұрпағы есейіп, етек-жеңін жиғанша оның ішіп-жемі мен киім-кешегі экс-күйеудің мойнында, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бірақ осы қарапайым шындықты түсінгісі келмей, алимент төлеуден жалтарғандар қатары азаймай тұр. Бұл келеңсіздіктен Маңғыстау облысы да кенде емес. Мәселен, Ақтау қалалық прокуратурасы жыл басынан бері алимент бойынша атқарушылық құжаттарға талдау жүргізген болатын. Нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылық анықталып, уәкілетті органға ұсыныс енгізіліп, алименттен қашып жүргендерден 33 млн теңге мен 1 пәтер өндіріп алушының пайдасына берілді.
Бұған қоса, алимент төлеуден жалтарған 26 адамға ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігімен айыппұл және қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сонымен қатар 5 адамға қатысты Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыптау үкімін қабылдады.
Облыстық прокуратура кәмелетке толмағандардың күтіміне алимент төлемеген жағдайда Қылмыстық кодекстің 139-бабының 1-бөлігімен жауаптылық көзделгендігін және алимент өндіру жөніндегі атқарушылық құжаттар прокуратураның басты назарында екенін ескертеді.