Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмыс тобы Түркістан облысының Жетісай ауданында суару суын пайдалану ережелерінің 65 бұзушылық дерегін тіркеді. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен кеңесте белгілі болды. Жиналыс аймақта судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес шараларын талқылауға арналған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрлііктің хабарлауынша, анықталған 65 заңбұзушылықтың 61-і – су жеткізушінің келісімінсіз су көп қажет ететін дақылдарды егуге байланысты. Тағы 3 жағдайда күріш алқаптары келісімшартсыз суарылған. Бұл фактілер суды пайдалану тәртібін өрескел бұзу болып есептеледі.
Жиында су саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша министрлік құрған мониторингтік топтардың жұмысы туралы есеп тыңдалған. Су ресурстары министрлігі мен құқық қорғау органдары бірлесіп әрекет етуге келіскен.
«Мемлекет басшысының судың «көлеңкелі нарығын» жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік бірқатар шара қабылдады. Су нысандарын тұрақты бақылаумен айналысатын төрт жұмыс тобы құрылды, су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, суару суын пайдалану ережелері қабылданды. Құқық қорғау органдары суару суын әділ бөлу мен оны заңсыз пайдалануға қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Мониторингтік топтардың құрамына құқық қорғау органдары өкілдерін қосу олардың тиімділігін арттырады», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, 2025 жылдың 10 маусымынан бастап суару суын пайдалану ережелері заңды күшіне енген болатын. Жаңа тәртіпке сәйкес:
Келісімшартсыз су тұтынғандар – тарифтің екі еселенген мөлшерінде айыппұл төлейді; Су жеткізушінің келісімінсіз дақыл түрін өзгерткендер – тарифтің 1,5 еселенген мөлшерінде айыппұл арқалайды.Сонымен қатар, жаңа Су кодексі күшіне енді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекцияларға жедел әрекет ету және қадағалау функциялары берілді. Су саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне де енгізілді.