Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «animal welfare» стандарттарына баса назар аудара отырып, мал шаруашылығын цифрлық трансформациялаудың кешенді тәсілін ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде жануарлар әл-ауқаты (animal welfare) стандарттарын сақтау - тек этикалық талап емес, экономикалық қажеттілік. Eurotier 2024 мәліметтерінде жануарларға қолайлы жағдай жасалған фермаларда өлім азайып, өнім сапасы артқан.
Министр аграрлық секторды басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мал шаруашылығы мен ветеринария бойынша деректерді бірыңғай ақпараттық жүйеде шоғырландыруды, жетілдірілген ферма құрылымын ұсынды.
«Мал шаруашылығында смарт-фермалар тұжырымдамасын енгізуге және үдерістерді автоматтандыруға ерекше назар аударылады. Жайлылықты қамтамасыз ететін автоматтандырылған: желдету, еденді жылыту, музыка ойнату, тасымалдау кезінде стрессті азайту жүйелері, жануарлардың биологиялық мінез-құлқын ескеретін жетілдірілген ферма құрылымдары енгізіле бастады. Бұл шара фермерлік шаруашылықтардан бастап салалық ведомстволарға дейін барлық деңгейде үздіксіз есеп жүргізуді, кешенді талдауды және жедел басқарушылық шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Сонымен қатар, елімізде автоматтандырылған сауу, азықтандыру, климатты басқару, бейнебақылау жүйелері мен жануарлардың денсаулығын бақылауға арналған датчиктер сияқты роботтандырылған шешімдерді белсенді дамыту қолға алынады. Бұл деректер бірыңғай ветеринариялық жүйеге түсіп, табынның цифрлық профилін қалыптастырады.