Президенттің 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігіне су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық салымдар кезінде су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау және шығыстардың бір бөлігін өтеу жөніндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің функцияларын беру туралы шешім қабылдады. Тұтастай алғанда, қабылданған функциялар суару кезінде су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен шаруалардың су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін кешенді шешуді қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2024 жылы су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру және фермерлерді су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін негіз қаланып, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша аталған жаңа өзгерістерді жүзеге асыру нәтиже көрсетті. 2024 жылы суару кезінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 158 мың гектарға дейін ұлғайды: оның ішінде 60 мың гектары жаңбырлату жүйелерін пайдалана отырып суарылса, 40 мың гектары – тамшылатып суару және 58 мың гектары лазерлік жоспарлаушымен тегістелген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары бар суармалы жерлердің жалпы ауданы 470,1 мың гектарды құраған.
Сонымен қатар 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің ауданын 1,3 млн гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр.