2016 жылы жапондық «Akagi Nyugyo» компаниясы өздерінің ең танымал балмұздақ өнімдерінің бірі – «Garigari-kun» бағасын 60 иеннен 70 иенге көтерді. Бұл баға 25 жыл бойы өзгермей тұрған еді, бірақ инфляцияның өсуі компанияны осындай қадамға баруға мәжбүр етті.
Бағаның небәрі 10 иенге ғана өскеніне қарамастан, компания ұлттық телеарнадан 1 минуттық арнайы жарнама ролигін шығарды. Онда ұжымның бас директоры бастаған бүкіл қызметкер штаб-пәтердің алдында тізіліп тұрып, үнсіз иіліп, жапон халқынан кешірім сұрайды. Бұл ролик шынайылық пен жауапкершіліктің үлгісі ретінде қабылданып, елдің брендке деген сенімін арттырды.