Бүгін шамамен сағат 10:30-да Төлепов пен Жилстроевская көшелерінің қиылысында жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысқан. Апат салдарынан 25 жастағы жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Shacman маркалы жүк көлігінің жүргізушісі екінші жолмен келе жатып, басымдыққа ие Lada Granta көлігіне жол бермеген. Соның салдарынан екі көлік қатты соқтығысқан.
Жол апатының салдарынан Lada Granta көлігін тізгіндеген 25 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмған. Ал көліктегі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Қайтыс болған азаматтың қауіпсіздік агенттігінде қызмет атқарғаны белгілі болды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалып жатыр.