АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында үстел теннисінен «United States Smash» турнирі аяқталды. Кіл мықтылар бас қосқан жарыста еліміздің бірінші ракеткасы Кирилл Герасименко өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде бельгиялық Мартин Аллегру (3:1) мен гонконгтық Хо Кван Киді (3:2) қапы қалдырған жерлесіміз үшінші кездесуінде аустриялық Дэниел Хабесонға (1:3) есе жіберді.
Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында таеквондодан командалық әлем кубогі өтіп жатыр. Жартылай финалға дейін еш кедергісіз жеткен еліміздің ерлер құрамасы осы межеде алаң иелеріне жол берді. Қола медаль үшін тартыста жерлестеріміз Марокконы ұтты. Әйелдер құрамасы ширек финалда Қытай спортшыларынан ұтылды.
Алматыда таеквондодан ел кубогінің екінші кезеңі аяқталды. Жарыста мына спортшылар жеңімпаз атанды, ерлер: 58 кг – 1. Әзірет Дүйсенбек (Түркістан), 63 кг – Елдос Ысқақ (Жамбыл облысы), 68 кг – Әнуар Мұхаметкәрімов (Астана), 80 кг – Дамир Шүленов (Алматы), 87 кг – Бейбарыс Қаблан (Алматы облысы); әйелдер: 49 кг – Ботакөз Қапанова (Қызылорда), 53 кг – Айдана Сүндетбай (Алматы облысы), 67 кг – Нұрай Құсайынова (Атырау), 73 кг – Назым Махмұтова (Түркістан), 87 кг – Мария Севостьянова (Атырау облысы).
Футболдан еліміз премьер-лигасының 15-туры мынадай нәтижелермен аяқталды: «Ақтөбе» – «Атырау» 2:0, «Елімай» – «Тобыл» 2:3, «Қайрат» – «Тұран» 4:0, «Қызылжар» – «Ордабасы» 0:0, «Жеңіс» – «Ұлытау» 2:0, «Жетісу» – «Астана» 0:2, «Оқжетпес» – «Қайсар» 4:2. Жарыс кестесінде «Астана» мен «Қайраттың» жағдайы жақсы. Елордалықтар 37 ұпайды еншілесе, алматылықтардың басты қарсыласынан бір ұпайы кем. Көш соңындағы «Атыраудың» жағдайы өте мүшкіл, олардың небәрі 5 ұпайы бар.
25-27 шілде аралығында Ұланбатырда «Grand Slam» турнирі өтеді. Жарыста еліміздің намысын 10 дзюдошы қорғайды. Ерлер бәсекесінде Әлжан Нұрәділ, Талғат Орынбасар (60 кг), Бауыржан Нарбаев, Ержан Еренқайыпов (66 кг), Саят Сейітқалиев (73 кг), Мейіржан Жұмабек (81 кг), Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Бейбіт Медеев (100 кг) бақ сынаса, әйелдер сайысында Толғанай Әбеуова (52 кг) мен Аруна Жанкелдина (70 кг) белдеседі.