• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Теннис Бүгін, 09:48

Қыздардың қарқыны бәсең

10 рет
көрсетілді

Жақында газетімізде үстел теннисінен әлемдік рейтингте көш бастап тұрған ерлер жайында жазғанбыз («Кирилдің қарқыны күшті». 27.05. 2005 ж). Сол мақаламызда осы спорт түрін серік еткен саңлақтардың жүріп өткен жолына егжей-тег­жей­ тоқталдық. Бүгін әйелдер арасындағы жарыс­тарда жасын­дай жарқырап жүрген ойыншылар туралы әңгіме қозға­мақпыз.

Спорттың бұл түрінде әйелдер арасында да Қытайға тең келер команда жоқ. ITTF рейтингінің ТОП-10-дығына Қытай елінің бес бірдей бұрымдысы еніп отыр. Бір кереметі Сунь Инша, Ван Маньюй, Чэнь Синтун, Ван Иди, Куаи Ман бірінші-бесінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Бұл спортшылар­дың барлығының атақтары алысқа жайылған. Атап айт­сақ, Сунь Инша Олим­пия ойындарында 5 (3 алтын+2 күміс), әлем чемпионатында 11(9+1+1) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Париж Олимпиадасының жекелеген са­йысында күміс алды. Финалда Чэнь Мэнге есе жіберді. Есесіне Сунь кейінгі дүниежүзілік додада дара шықты. Ван Маньюй­дің Олимпиаданың 2, әлем­нің 7 дүркін чемпионы деген ата­ғы бар. Қалғандары да біраз уақыттан бері талай дүбірлі ­додаларда дараланып жүр.

Жапония құрамасының да қарқыны қуантарлық. Күн шы­ғыс елінің Мива Харимото, Хина Хаята, Сацуки Одо, Мима Ито сынды арулары ал­тын­шы-тоғызыншы орындарды еншілеген. Үздік ондықты Оң­түстік Кореяның өкілі Син Юйбинь түйіндеп тұр. Олар­дан бөлек, Тай­пей, Румыния, Аустрия, Бразилия, Пуэрто-Рико, Макао, Мысыр, Фран­ция, АҚШ, Үндістан, Аустра­лия, Гонконг, Нидерланд, Канада, Гер­­мания­ның өкілдерін ТОП-50 ойын­­­шының қатарынан кезік­тіруге болады.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде еліміздің әйелдер құ­ра­масының көрсеткіші кө­ңіл көншітерлік емес. Қыз­дары­мыздың арасынан ең тәуір нә­тиже Сарвиноз Мірқадырова мен Зәуреш Ақашеваға тие­сілі. Олар ITTF рейтингінде 193, 198-орындарда тұр. Жан­ерке Көшкімбаева – 238, Анге­лина Романовская – 348, Арай Ақашева – 437, Әнел Бақыт – 459, Анастасия Лаврова 490-са­ты­ға тұрақтаған.