• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 12:00

Қазақстандық оқушылар IChO-2025 олимпиадасында топ жарды

20 рет
көрсетілді

Қазақстандық оқушылар тағы бір мәрте әлемдік білім аренасында оза шауып, еліміздің мәртебесін асқақтатты. 5–14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) Қазақстан ұлттық құрамасының барлық мүшесі жүлдегер атанды. Олардың екеуі – алтын медаль иегерлері, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, биылғы олимпиадаға 93 елден 360-тан астам үздік оқушы қатысып, химия ғылымындағы білімін сынға салған. Қазақстан намысын қорғаған төрт оқушы керемет нәтиже көрсетіп, халықаралық аренада еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық позициясын тағы бір дәлелдеген.

Жүлдегерлер:

Кирилл Ким – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; Абылай Кабдулхадыр – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; Еңлік Бақытбекова – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы; Аңсар Жақсылықов – Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері:

Санжар Бегдаир – KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы; Ринат Илюсизов – халықаралық және республикалық білім додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жетістік қазақстандық білім сапасының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.

Ұлттық құраманың дайындық барысы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен ұлттық құрама халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, 2024–2025 оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп отыр.