Болған ана күмбезі – Ұлытау облысының маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштері тізіміне енген ортағасырлық сәулет өнері. Алтын орда дәуірінің ескерткіші Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында, Қаражар шатқалында орналасқан.
Болған ана – Шыңғыс ханның немересі, ұлы Жошы ханның туған қызы. Қаңлы елінің ханы Сығанақ-тегіннің әйелі болған. Ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге қарағанда, тоқсан жасқа келіп көз жұмған әрі артында көп ұрпақ қалған. Жұбайы Сығанақ-тегін өмірден өткеннен кейін оның орнына ел билеген.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Бәйбішесінің аты – Болған, тоқалының аты – Белең. Кенже тоқалының аты – Ақбикеш. Болған ана Сарысудың бас жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда қоныстанған», деп жазады. Болған ана мұсылмандық жолды ұстанған парасатты әйел екен. Оның мазарына барып бала сұрап, еміне шипа тілеп келетін жұрт көп.
1990 жылы Алматы архитектура және құрылыс институтының экспедиция жетекшісі Ескендір Бәйтенов зерттеген кесененің қасбеті арқалы, порталды кірер аузының айналасы қуыстана, қабырғаның өрнегі ретінде қаланған. Күйген кірпіштерде ру таңбалары салынған. Бөлменің төменгі шаршы бөлігінің күмбез шеңберіне өтер тұсындағы бұрыштары арқалы тромпты тәсілмен өрілген.
2018 жылы археолог Айбар Қасеналин кесенеге археологиялық зерттеу жұмысын жүргізді. Қазба жұмысы барысында кесенеден жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ер-тоқым, қару-жарақ, тағы басқа жәдігерлер. Табылған жәдігерлер Алтын орда дәуірінен хабар береді.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі Қымбат Талғатбекқызы: «Аңыздарда Болған ананы Алаша ханның келіні деп те айтады. Археолог Айбар Қасеналин археологиялық қазба жұмыстарымен қатар, зертханалық талдау жасалғанын айтады. «Болған ана Жошы ханның қызы ма, әлде келіні ме?» деген сауалды анықтау барысында Жапония мен Ұлыбританияда Болған ана сүйегіне генетикалық зерттеу жасалды. Сараптаманың алдын ала нәтижесі бойынша Жошы ханның қызы деген болжам бар. Қазіргі таңда музейге антропологтер мен мүсіншілер жасаған Болған ана бейнесінің жаңғыртпасы қойылды», дейді.
Ұлытау облысы