• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 09:32

Өнерін өрістеткен Қасымбек әулеті

40 рет
көрсетілді

«Өнерлі әулет өрнегі» көрмесі — еліміздегі ең жар­қын шығармашылық әулеттердің бірі саналатын Қасым­­бековтер отбасына арналған ерекше мәдени іс-шара. Бұл экспозиция ұрпақтар сабақтастығының терең та­мырын, өнер мен руханият­тың біртұтас желісін паш етеді. Қасым­бе­ков­тер әулетінің түп-тамыры — Жетісу (Жоңғар) Алатауының ете­гін­дегі қасиетті Талды өлке­сінен тарайды. Бұл — табиғат пен тарих, ұлт­тық рух пен шығар­машылық өнер біте қайнасып, үйлесім тапқан құт­ты мекен.

Аңыздарға ар­қау бол­ған, таста­рын­да­­ғы пет­ро­глиф­те­­рі­мен үнсіз сыр шертетін, ара­сан бұлақтарымен шипа да­рыт­қан, көне өркениеттердің ізі­мен тарих тұнған бұл өлке­ден шыққан әулетке терең дү­ниетаным, қажырлы еңбек, төзімділік пен нәзік те көркем талғам дарыған. Көрмеге әулет­тің бірнеше буыны – аға ұр­пақтан бастап шөберелерге дейін қатысып отыр. Олардың қата­рында соғыс ардагері, суретші әрі өнертапқыш Ахметқали Қасымбеков және оның ұрпақтары: балалары Болат, Манарбек, Жанаргүл, Бегайым, немерелері Айға­ным Дулатқызы, Гүлмира Аппасова, Назерке Манарбекқызы, Ілияс Слям­ғазы, Өркен Қасым­беков, Әдемі Нұртілеу, сон­дай-ақ шөберелері – Хамза Дулатұлы мен Ален Изба­саров бар. Экспозиция қол­данбалы өнер, мүсін, зер­гер­лік өнер және дизайн сала­­ла­рындағы туындыларды қам­ти­ды. Әулет мүшелерінің шы­ғарма­­шылығы шеберлік деңгейінің жоға­ры болуы­мен, стильдік сан алуан­дығы­мен және материалға деген терең құр­ме­тімен ерекшеленеді. Көр­меге келу­шілер көркем тілдің уақыт ағы­мын­дағы эволю­циясын, әр автордың дара шығар­­ма­­шылық қолтаңбасын, сон­дай-ақ отба­сы­лық дәстүр­лердің әр туындыда қалай көрініс табатынын тамашалай алады.

Ә.Қастеев атындағы Мемле­кет­тік өнер музейінде Қасым­беков­тер әуле­тінің шығар­ма­шы­лығын таныс­тыруға арнал­ған «Өнерлі әулет өрнегі» көрмесінде мүсінші Болат Қасымбековтің өнері ерекше орын алады. Назарға автордың әр кезеңдегі – ертеректегі және кейінгі жылдардағы жұмыстары ұсынылған. Олардың қата­рында: «Қорқыт» (2013), «Абыз ата» (қола, 2012), «Алма ұста­ған бала» (гипс, 2012), «Абай Құнанбайұлы» (гипс, 2019), «Дінмұхамед Қонаев» (гипс, 2020), «Шахмат фигуралары» (қола, 2023–2024), сондай-ақ 2024–2025 жылдары жаңадан қоладан құйылған туындылары бар. Көрмеде Алматы, Ұзынағаш, Жаркент және Маң­ғыстау қалаларында орна­тылған монументалды шығар­малардың фотомате­риалдары қойылған: «Елтінді батыр» (2006), «Шоқан Уәлиханов» (2008), «С.Нұрмағамбетов» (2013), «Бағай ­батыр» (гранит, 2004) және басқалар.

«Өнерлі әулет өрнегі» — бұл тек көр­кем жетістіктерді ғана емес, соны­мен бірге отбасылық дәстүрлердің, рухани құндылықтар мен өнерге деген сүйіспеншіліктің қуатын бейнелейтін шығармашылық әулеттің тірі шежіресі. Көрме мәдениеттегі сабақтастықтың маңызын еске салып, ұлттық көркем мұраны сақтау мен дамытуға шабыт береді», дейді «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің әрі көрме жетекшісі Г.Жұбанова.

 

АЛМАТЫ