• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:00

Тастан тамыр іздеген

20 рет
көрсетілді

Таңбалы тасқа қашалған мың­жылдық тарихымыз терең­нен тіл қатады. Онда бабала­рымыздың асыл мұраты, мұқалмас ерлігі, ғибратты ғұмы­ры бар. Сол шежірелі өт­ке­н­ге жан бітірген сирек ғалым­ның бірі – Қаржаубай Сартқожаұлы.

Ұлт руханиятының көрнекті тұл­ғасы, түркі дүниесінің мақтаулы перзенті, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ататүрік атындағы Түрік тарих құрымының толық мүшесі Қаржаубай Сартқожаұлының үш бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. 

Келелі кеңеске Мәжіліс депутаттары, белгілі ғалымдар мен қоғам қайрат­керлері қатысты. Алғашқы болып сөз алған университет ректо­ры Ерлан Сыдықов сүбелі еңбек­­тердің ғұмыры алда екенін атап өтті.

«Ағамыздың көл-көсір еңбекте­рін ұрпаққа түсіндіре білсек, екінші шығармашылық ғұмыры баянды болады деп ойлаймын. Тәрбие, тағылым, шежірелі жолын әрі қарай шәкірт­тері жалғастыра берсін. Сіз бен біз тұр­ғанда ғалымның ауқымды мұралары жандана берері анық. Сондықтан да алдымыздағы кітаптардың тұсауын кесейік. Ақ жол болсын, кітаптың оқырмандары көп болсын», деді ол.

Қаржаубай Сартқожаұлы – шы­ғар­машылық өмірінде қоғамдық қыз­меттер атқара жүріп, әдеби тақы­рыптарға да белсене қалам тартқан қайраткер. Тұсауы кесілген «Қош бол, апа» кітабына өмір мен өлім, сағы­ныш пен сыр, тұрмыс пен тағ­дыр астасқан әдеби шығармалар енгі­зіл­ген. Ал «Тастан тамыр іздеген ғұла­ма» кітабында ғалымның ғылыми-шығармашылық келбетін, түркі дүниесіне сіңірген еңбегін кеңінен ашатын әлемдік әрі отандық ғалымдар мен қаламгерлердің жүрекжарды мақалалары, естеліктері мен лебіздері топтастырылған. Үшінші кітап – «Подземный мавзолей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты монография.

Іс-шарада белгілі ғалым, Серік Негимов Қаржаубай Сарт­қо­жаұлының ел руханиятындағы орны туралы айтты.

«Ұлт патриоты, дала қазағы, түркі­танушы, жазушы Қаржаубай Сарт­қожаұлы көгілдір экран алдында қиын күндерде «Мен тілім үшін өлем!» деп күндей күркіреп айтқан еді. Сол сөз халықтың жүрегінде жатталып қалды. Қаржекеңнің еңбегі – мемлекетіміздің игілігі, байлығы, дәулеті, ұлттық тарихи санамызды жүйелендіретін ғажайып бір қазына», деді профессор. 

Жиында Ж.Мәлібекұлы, Б.Аяған, Д.Қамзабекұлы, М.Әбсемет, Т.Садықов, С.Рахметұлы, т.б. зиялылар ғалым мұра­сының мән-маңызы туралы ой қозғады. Шараны ғалым, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы жүргізіп отырды. Ең тәлімді тұсы, тұсаукесерге Қ.Сартқожаұлының ғылыми әулеті бір кісідей атсалысты.