Түрлі жарыста жасындай жарқылдап жүрген жартылай жеңіл салмақтағы Абай Жалалдың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс.
Спорттық мансабын Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубынан бастап, «Октагонда» жалғастырған 21 жастағы Абай қысқа ғана мерзім аралағында көрермен көзайымына айналып үлгерді. Осы күнге дейін жеті жекпе-жек өткізген ол бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Төрт кездесуінде бәсекелестерін нокаутқа жіберсе, екі рет «сабмишн» әдісін қолданды. Бір айта кетерлігі, сол жеті жекпе-жектің алтауын бірінші раундта-ақ аяқтады.
Күні кеше Абай Жалалға БАӘ-нің әйгілі промоутерлік компаниясының көзі түскені мәлім болды. Енді ол UAE Warriors лигасында өнер көрсетеді. Тұсауксер кездесуін қазақ файтері 23 шілдеде аталған мемлекеттің астанасы – Әбу-Дабиде өткізеді.