Мажарстанның астанасы – Будапештте күрес түрлерінен «Polyаk Imre & Varga Jаnos» мемориалы мәреге жетті. Жарыста көптеген мықты балуан бақ сынады. Араларында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған апайтөстер де болды.
Дунай жағалауына сапар шеккен 18 еркін күрес шеберлерінің басым бөлігі тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Әділ Оспанов (61 кг), Мейіржан Әшіров (70 кг), Нұрлан Бекжанов, Дәулет Ергеш (79 кг), Бекзат Үркімбай (97 кг) сынды танымал спортшылардың өзі алғашқы белдесуінде жеңіліп қалды. Қалғандары да ұзаққа шаппады. Тек 61 кг салмақта белдескен Асылжан Есенкелдінің жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Бастапқыда пуэрториколық Дилан Шавьер, америкалық Сет Энтони Гросты ұтқан қандасымыз жартылай финалда жапониялық Такара Судаға жол берді. Қола медаль үшін тартыста грузиялық Георгий Гониашвилиді айқын басымдықпен жеңді.
Тағы үш жерлесіміздің жүлде алуға жақсы мүмкіндігі болды. Алайда үшінші орын үшін бәсекеде Елдос Қуанышбай (74 кг) бахрейндік Магомедрасул Аслуевтан, Болат Сақаев (79 кг) ирандық Фариборз Бабаейраганиден, Нұржан Исағалиев (86 кг) тағы ирандық балуан Әли Бақтияр Савадкухиден ұтылды.
Жарыстың үшінші, төртінші күндері бозкілемге бұрымдылдар шықты. Алғашқы үш қарсыласы – ресейлік Кристина Братчикова мен Ксения Буракова, франциялық Паулине Лекарпетиердің тас-талқанын шығарған Жәмилә Бақбергенова (72 кг) финалда үндістандық Харшита Харшитадан ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты.
Аса ауыр салмақта Эльмира Сыздықова қола медальды қоржынға салды. Алғашында литвалық Камиле Гаукайтені ұтқан ол одан кейін үндістандық Прия Прияға есе жіберді. Қола медаль үшін бәсекеде ресейлік Валерия Трифонованы тізе бүктірді.
Турнирді грек-рим күрес шеберлері қорытындылады. Бұл жарыста 21 жерлесіміз белдесті. Солардың екеуі ғана ел сенімін ақтады. 55 кг салмақтағы Марлан Мұқашев Денис Михай (Румыния) мен Алпамыс Дастанбекті (Қазақстан) ұтып, финалда әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Әлем кубогінің иегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы Эмин Сефершаевтан (Ресей) жеңілді. Тұсаукесер кездесуінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы Сергей Емелинге (Ресей) есе жіберген 63 кг салмақ дәрежесіндегі Ержет Жарылқасын одан кейін Өзбекстанның қос өрені – Айтжан Қалмаханов пен Исламжон Бахарамовтан басым түсіп, қола медальды еншіледі. 130 кг салмақтағы Әлімхан Сыздықов та осындай нәтиже көрсетті. Ол болашақ чемпион Марат Кампаровтан (Ресей) ұтылғанымен, Хейки Нәби (Эстония), Мұхаммед Бәкір (Түркия), Элиас Куосманен (Грекия) басым түсті.
Будапешттің бозкілемінде 82 кг салмақта бас жүлдені олжалаған Әділет Тюлюбаевтың теңдессіз өнеріне тәнті болдық. Ресей туы астында күресіп жүрген Омбының қазағы Жухуеок Сон (Оңтүстік Корея), Жалғасбай Бердімұрадов (Өзбекстан), Рафаэль Юнусов (Ресей), Золтан Левайға (Мажарстан) сан соқтырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Әділет бұған дейін Еуропа чемпионатында қола медаль иеленіп, Ресей чемпионатында төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Сөйтіп, еліміздің балуандары Дунай жағалауынан жүлдемен оралды. Бұл көрсеткішке көңіліміз толды деп айта алмасақ керек. Себебі Будапештте еліміздің белді балуандарының барлығы өнер көрсетті. Бірақ олардың дені дүбірлі додаға даяр болмай шықты. Ең өкініштісі, Мажарстан астанасында еліміздің әнұраны бір рет те шырқалмады.