• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:15

Биыл 5,1 млн жұмыскердің пайдасына зейнетақы жарналары төленді

20 рет
көрсетілді

Қазақстанда 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің пайдасына 464 миллиард теңге көлемінде міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) аударды. Бұл жарналар 5,1 миллионнан астам жұмыскерді қамтыған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілген болатын. Бұл жарналар жұмыс беруші тарапынан төленіп, олардың қызметкерлерінің пайдасына аударылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы мөлшерлеме 1,5% болса, 2025 жылдан бастап ол 2,5%-ды құрады. Жоспар бойынша, бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 5%-ға дейін біртіндеп өсетін болады.

«Жұмыс берушілердің ЖМЗЖ аударуы жұмыскерлерді қартайған шағында өмір бойы қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған шара қазақстандықтардың жас буынын қолдауға бағытталған, олардың зейнетақы мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен болады», делінген хабарламада.

Айта кетейік, ЖМЗЖ төлеуді жұмыс берушілер 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған адамдар үшін ғана жүзеге асырады.

Сонымен қатар, ҚР Салық кодексіне сәйкес, жұмыс беруші төлейтін бұл жарналар салық салынатын табыстан шегеріледі. Осылайша, жұмыс беруші үшін қосымша жүктеме шамадан тыс ауыр болмай, қаржылық тұрғыда тиімді жағдай сақталады.