Швейцарияның Гштаад қаласында ұйымдастырылған ATP 250 турнирі еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бубликтің жеңісімен аяқталды.
Жүлде қоры 596 035 еуроны құраған жарысты екінші кезеңнен бастаған Бублик бастапқыда өзінің отандасы Александр Шевченконы шаң қаптырды – 6:2, 6:3. Одан кейін аргентиналық Франсиско Коменсанияны қапы қалдырды – 6:4, 6:3. Жартылай финалда франциялық Артур Казодан басым түсті – 6:1, 7:5. Финалда Аргентинаның тағы бір өкілі Хуан Мануэль Серундоломен сайысқа түсті. Ол өз кезегінде Ян-Леонард Штруфф (Германия), Давид Гоффен (Бельгия), Каспер Рууд (Норвегия), Игнасио Бусені (Перу) жолынан ығыстырды.
Финалдық тартыс 2 сағат 7 минутқа созылды. 13 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін еншісіне жазған Александр Бублик шешуші ойында 6:4, 4:6, 6:3 есебімен жеңіс тойын тойлады. Бұл – еліміздің үздік теннисшісінің АТР турнирлеріндегі алтыншы жеңісі. Бұған дейін Монпелье (2 рет), Халле (2 рет), Антверпендегі (1 рет) додаларда дара шықты.