Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында фиджитал футболдан «Road to Abu Dhabi» атты іріктеу турнирі өтті, деп жазады Egemen.kz.
Фиджитал футбол — виртуалды ойын мен шынайы футболды біріктіретін жаңа формат. Командалар алдымен компьютерлік футболда күш сынасып, кейін дәл сол есеппен алаңға шығып, нақты матч өткізді.
Екі күнге созылған жарысқа 8 команда қатысты. Қорытынды бойынша UEL Team жеңімпаз атанып, 2025 жылы Абу-Дабиде өтетін Болашақ ойындарына қатысуға жолдама алды.
UEL Team жаттықтырушысы Арман Пирмановтың айтуынша, қарсыластар өте мықты болған. «Бұл – үлкен жауапкершілік. Финалдық турнирде 1 миллион доллар көлемінде жүлде сарапқа салынады. Біз енді сол ойынға тыңғылықты дайындаламыз», деді UEL Team жаттықтырушысы.
Айта кетейік, 25–26 шілде күндері елордада фиджитал баскетболдан да іріктеу турнирі өтеді. Кіру – тегін. Жарыс сағат 10:00-де басталады.