2024 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою және үй беру құзыреті жергілікті әкімдіктерден «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты.
«Отбасы банк» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиевтің айтуынша, енді тұрғын үй кезегіне қою және үй бөлу рәсімі orken.otbasybank.kz порталы арқылы жүргізіледі. Бұған дейін қолданылып келген Kezekte.kz платформасының мәліметтері жаңа жүйеге көшіріліп, талдау және техникалық жетілдіру жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа портал 1 тамыздан бастап іске қосылады.
Жаңа жүйе бойынша жалгерлік және несиелік тұрғын үйлер беріледі. Несиелік баспана бұрынғы ережелермен үлестірілсе, жалдамалы үй алуда кезекке тұрған күн есепке алынады. Айта кетерлігі, жалгерлік баспана алушылардан төлем қабілеттілігін дәлелдеу талап етілмейді. Мұндай үйлердің 70 пайызы әлеуметтік осал топтарға, 20 пайызы жетім балаларға, ал қалған 10 пайызы басқа азаматтарға беріледі.
Алакөл ауданында бүгінде тұрғын үй кезегінде 1 674 адам тұр. Осы мәселені шешу үшін биыл әлеуметтік осал топтарға арналған 100 жалдамалы үйдің құрылысы жүргізілуде. Олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Тұрғындарға енді әкімдіктерге жүгінудің қажеті жоқ, барлық мәлімет пен өтініштер «Отбасы банк» арқылы онлайн қабылданады. Жүйенің толық іске қосылуына байланысты банк мамандары өңірлерде түсіндіру жұмыстарын бастайды.