Алакөл ауданының Достық ауылында 600 орындық «Келешек мектебі» жаңа оқу жылында ашылады. Сонымен қатар Үшарал қаласында да 600 орындық жаңа мектеп құрылысының жобасы дайындалуда. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Біліммен қатар медицина саласы да назарда. Өткен жылы Қамысқала ауылында дәрігерлік амбулатория, Арқарлы, Қоңыр және Бибақан ауылдарында үш медициналық пункт іске қосылды. Биыл тағы 12 денсаулық сақтау нысанын ашу көзделіп отыр, оның 9-ы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынуда.
Ауданға үш санитарлық көлік беріліп, заманауи медициналық құрылғылар сатып алуға қаржы бөлінді. Қажетті құрал-жабдықтар қазан айына дейін жеткізіледі. Сондай-ақ өткен жылы ауданға келген 9 дәрігерге 80 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріліп, 7 дәрігерге тұрғын үй ұсынылған.
Спорт және мәдениет салаларына да көңіл бөлінуде. Достық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, биыл Лепсі ауылында осындай кешен мен 244 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, қыркүйекте ашылады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Екпінді мен Көлбай ауылдарында мәдениет үйлері салынып жатыр.
2024–2025 жылдары Алакөл ауданына инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысына 41,5 млрд теңге бөлінді. Бұл – облыстағы ең ірі бюджеттердің бірі. Әкім тиісті мекемелерге бөлінген қаржыны тиімді әрі сапалы игеруді тапсырды.