Қазақстанның кеден заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың нормалары денсаулық пен экологияға қауіпті тауарлардың әкелінуін қатаң реттейді. Олардың қатарына – тек арнайы рұқсат болған жағдайда ғана әкелуге рұқсат етілетін, қолданылған автокөлік шиналары (ТН СЭҚ коды 4012) да кіреді, деп хабарлайды Egemen.kz Бас көлік прокуратурасының мәліметіне сілтеме жасап.
Бас көлік прокуратурасының тексерулері кейбір сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың бұл тыйымды айналып өтіп, қолданылған шиналарды дөңгелек дискілерімен бірге әкелетінін анықтады.
Мәселен, биылғы жылдың сәуір-маусым айларында бір өңірде салмағы 1,5 мың тоннаға жуық қолданылған шиналардың 159 заңсыз әкелу дерегі тіркелді. Тағы бір өңірде өткен жылдары 200 тоннадан астам осындай өнім әкелінген.
Мұндай шиналар қауіпті қалдықтар ретінде жіктеледі, олардың пайдаланылуы жол қозғалысы қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін.
Прокуратураның араласуынан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті бақылауды күшейтіп, тәуекелдерді басқару жүйесіндегі шараларды жаңартты. Құқық бұзушылықтарды анықтау жұмысы жалғасып жатыр.