Жыл басында Бірлесу Еңбек ауылында Жамбыл ауданы прокуратурасы қызметкерлерінің мұрындық болуымен полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері діни алауыздықты насихаттайтын әдебиеттерді таратумен айналысып келген 4 адамнан құралған топты құрықтады. Күні кеше аталған азаматтарға қарасты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, аталған азаматтар ел аумағында тыйым салынған діни материал мен уағыз-насихатты әлеуметтік желілерде жариялап отырған. Күдіктілердің үй-жайларын тінту барысында ел аумағында діни алауыздықты қоздырушы ретінде таратуға тыйым салынған материалдар тәркіленген.
Таяуда аудандық сот аталған азаматтарды ҚК-нің 174 бабы 1 бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.