Алматы облысында 2024–2025 оқу жылын 437 жалпы білім беретін мемлекеттік мектепте 352 856 оқушы аяқтады (46 жекеменшік мектепте 16 412 оқушы). Былтырғы жылмен салыстырғанда оқушы саны 11 059-ге артып отыр.
Үш ауысымда оқыту мен мектеп орындарының тапшылығын жою мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен облыста 26 «Келешек мектептері» құрылысы көзделіп, өткен жылы осы ұлттық жоба аясында 11 100 орындық 10 мектептің (Жамбыл ауданы Ұзынағаш, Талғар аудандарында Жаңалық ауылы, Қарғалы ауылы, Қарасай ауданы Долан, Қошмамбет, Көкөзек, Елтай, Кемертоған ауылдары, Қаскелен қаласы, Еңбек ауылы, Алатау қаласы) және 3 275 орындық 3 жекеменшік мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді («Өтемұратов қоры» арқылы Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласы мен Шелек ауылында 900 орындық 2 мектеп, «Менің мектебім» ЖШС Есік қаласында 1 475 орындық 1 мектеп құрылысы).
Ал алдыңғы жылы өңірде 14 400 орындық 14 мектеп салынды.
Нәтижесінде, үш ауысымда оқитын мектеп саны 52-ден 30-ға дейін азайды (Жамбыл ауданында – 3, Іле – 17, Еңбекшіқазақ – 1, Талғар – 6, Қарасай – 2, Алатау қаласы – 2). Қалған 17 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Келешек мектептері» – жай ғана құрылыс емес, ел үшін маңызы зор өзгерістердің бастауы, болашаққа жасалған нық қадам.
«Келешек мектептері» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ұлттық ауқымдағы жоба. Оның басты мақсаты – апатты жағдайдағы мектептердің, үш ауысымда оқытудың және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу.
Бүгінгі күні Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында «Келешек мектептер» бағдарламасымен 3,4 гектар аумаққа 600 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары «Exclusive construction» (Құрылысшы – ТБС) ЖШС еншісінде.
«Ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп 1977 жылы салынған. Ескі мектеп еді. Осыған байланысты жаңа мектеп құрылысы былтырғы жылдың мамыр айында басталды. Алдағы оқу жылында қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр. Енді, міне, балалар жайлы да жарық мектепте оқитын болды. Бүгінгі күні мектеп құрылысының жұмысы 85 пайызға аяқталды», – дейді мектеп директоры Жанар Мәлікқызы.
Ащысай ауылында биыл 583 оқушы мектепке барады.
Алматы облысы