Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудың алғышарты – өңірлерге ауқымды инвестиция тарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы инвестицияны тартудың маңыздылығын қай кезде де назардан тыс қалдырған емес. Президент тапсырмасын жергілікті атқарушы билік өкілдері де қолдан келгенше сапалы жүзеге асыруға бекініп жатқаны даусыз. Жамбыл өңірінде де инвесторлар тарту арқылы өңір экономикасын арттыруға басымдық берілген. Бұл бағытта жауапты азаматтардың араласуымен біршама жұмыс атқарылып жатыр.
Жыл басында өңірде екі бірдей зауыт ашылса, бұл жұмыс жыл ортасында да лайықты жалғасын тапты. Сәуірдің соңын ала Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында ірі металлургиялық зауыт құрылысы басталды. Одан бөлек, өңірде түрлі бағыттағы бірнеше өндіріс ошағы іске қосылды. Жаңадан бой көтерген зауыттар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ниет білдіріп отыр.
Жалпы, өңірге шетелдік және отандық инвесторлардың келуі кейінгі кезде айтарлықтай қарқын алды. Жыл басында Тұрар Рысқұлов ауданында сағатына 3 мың литр минералды су шығаратын кәсіпорын іске қосылса, сол жұмыстың жалғасындай болып, бірер күн бұрын Жуалы ауданында «Ақсай Жуалы» минералды су кәсіпорны жұмысын бастады. Жаңа зауыт ішкі нарықты қамтуға басымдық беріп отыр.
«Мұндай ілкімді жобалар өңірдің экономикалық көрсеткішін үстемелеп қана қоймай, жергілікті халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Жаңа кәсіпорынның ашылуы арқасында ауылда жаңа жұмыс орындары пайда болады. Нәтижесінде, тұтас қазақтың алтын бесігіне айналған елді мекендер дамудың даңғыл жолына түседі. Осы тұрғыдан алғанда, атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы кең деп ойлаймын. Бірінші кезекте біз жергілікті өнімге деген сұранысты арттыруға барынша жағдай жасауымыз керек. Сырттан келетін тауарға деген тәуелділікті мүмкіндігінше азайту үшін осындай қадамға барған жөн деп білемін. Сонда ғана ауыл тұрғындары туған жерінде атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесімен мақтана алады. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту мен өңірге инвестиция тарту – Мемлекет басшысының бізге жүктеген негізгі міндетінің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты барынша сапалы атқарып, тоқтаусыз жүргіземіз», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.
Ресми дерекке жүгінсек, Жуалыдағы ілкімді жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып отыр. Жаңа өндіріс ошағын салу үшін 400 млн теңге қаржы жұмсалған. Заманауи құрылғылармен жабдықталған кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 80 тонна минералды су өндіруге мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын басшылары бастапқы кезеңде 15 азаматты жұмысқа қабылдаған.
Минералды суды облыс аумағынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларына және Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен өзге де өңірлердің нарығына шығару жоспарланып отыр.
Жауапты мамандардың айтуынша, осы жылы жалпы құны 175 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ілкімді жобалар толыққанды іске асқанда, өңірде 1 143 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Осы жылдың алғашқы жартысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 301,8 млрд теңгені құраған. Осылайша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 48,1%-ға артқан.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы