• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Абай Бүгін, 00:33

Оралда Абайға арналған конференция өтті

40 рет
көрсетілді

Орал қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – ұлт руханиятының алтын діңгегі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті деп хабарлайды Egemen.kz.

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырған конференцияға филология, тарих салаларындағы ғалымдар мен түрлі сала мамандары Абай шығармашылығына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, Ұлттық құрылтай мүшесі, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин өз сөздерінде Абайдың рухани мұрасы жалпы адамзатқа ортақ, ал қазақ баласы үшін ең басты бағдар деген ойды айтып өтті.

Махамбет университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев «Абай мұрасы – ұлттық құндылықтар айнасы» атты баяндамасында Абайдың қара сөздеріндегі пәлсапалық мазмұнға тоқталса, осы оқу орнының тағы бір профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев Абай мен Фариза өлеңдеріндегі сабақтастық туралы айтып берді. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева да Абай ойының даналығы жайлы сөз қозғады. Махамбет университетінде Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әлфия Байболсынова Абай мұрасы – ұлттық идеологияның негізі екенін қадап айтты. Ардагер ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызының «Адамзат өркениетінің толық иесі – Абай тағылымы» атты баяндамасы жас ұрпаққа бағышталды. Ал осы шараны ұйымдастырған Жұбан кітапханасының директоры Шолпан Оразаева болса Батыс Қазақстан облысы кітапханаларында Абай мұралары қалай насихатталып жатқанына тоқталды.

Конференциядағы үздік баяндамалар жинақ ретінде жарық көреді.

Батыс Қазақстан облысы