• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 10:30

Үкіметте егін жинау науқаны қарсаңында жедел штаб отырысы өтті

30 рет
көрсетілді

Тамыздың үшінші онкүндігінде басталуы күтіліп отырған жаппай егін жинау науқаны қарсаңында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жедел штаб отырысын өткізді. Бүгінде жаңа өнім жинау жұмыстары он екі өңірде – Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектары – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Соңғы мәліметтер бойынша, 1,1 млн гектар (дәнді дақылдар егісінің 6,6%-ы) орылып, 1,6 млн тонна астық бастырылған, 17,4 мың тонна майлы дақыл, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша өнімдері жиналған.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері топыраққа 1,7 млн тонна тыңайтқыш қосқан, бұл жылдық жоспардың (1,9 млн тонна) 88%-ын құрайды. Барлығы 1,8 млн тоннаға келісімшарт жасалған, ал қалған көлемді күзде – күзгі жырту мен парларға енгізу жоспарланып отыр

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, егін жинайтын техникалардың дайындық деңгейі 93%-ды құрайды, ал жаппай жинау кезеңінде ол 100%-ға жеткізіледі. Жұмысқа 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың шапқыш және 130 мың бірлік басқа да техника жұмылдырылмақ.

Егін жинау жұмыстарына 402 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, оның 9,3 мың тоннасы (жоспардың 42%-ы) шаруаларға жеткізілді. Жанармай бағасы нарықтан 18–20%-ға төмен.

Жаңа өнімді қабылдау үшін элеваторлардан орын босату мәселесі жеке қаралды. Қазіргі уақытта олардың жүктемесі 16%-ды құрайды – бұл жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаның (17,4 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде, 13,3 млн тоннасы – лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында) 2,2 млн тоннасы. Бұған дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» тамыз айының соңына дейін кемінде 500 мың тонна астық өткізу тапсырылған болатын. Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмағұловтың мәліметінше, қазіргі таңда 328 мың тоннасы сатылды. Таиланд, Парсы шығанағы елдері, Ауғанстан, Әзербайжан және Алжирмен астық жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілір жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қалдық астықты өткізуді жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ көктемгі дала және жиын-терім жұмыстарына 5%-дық жеңілдетілген несиелендіру барысы қаралды. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, несиелік серіктестіктер және ӘКК арқылы жүзеге асырылады. Барлығы 7 543 өтінім түсіп, 499,4 млрд теңге сұралды, оның ішінде 7 485 шаруашылыққа 490,1 млрд теңге қаржы беріліп, 7,8 млн гектар егістік қамтылды.

Суармалы сумен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты. Алматы және Жетісу облыстарында вегетациялық кезең қауіпсіз өтіп жатыр, Жамбыл облысында Шу және Талас өзендері бойынша су беру кестеге сай жүргізіліп жатыр. Ауылдық округтерде бақша өнімдерін жинау аяқталып, суаруға деген қажеттілік азайды.

Отырыс соңында вице-премьер оңтүстік және негізгі астық өндіруші өңірлердің өкілдерін тыңдады. Жаппай егін жинау басталғаннан кейін штаб отырыстары апта сайын өткізіліп, туындайтын мәселелер жедел шешілетін болады.