Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында іріктеудің «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» атты үшінші кезеңіне жолдама алған үміткерлердің тізімі жарияланды, деп жазады Egemen.kz.
9–10 тамызда өткен «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» атты екінші тестілеу блогына 2 597 үміткер қатысқан болатын. Іріктеу тәртібіне сәйкес, үшінші кезеңге ең жоғары балл жинаған 600-ден аспайтын кандидат (әр салалық бағыт бойынша – 100-ден аспайтын) жіберіледі.
Алайда бірдей нәтиже көрсеткендер болғандықтан, бұл жолы келесі кезеңге 683 үміткер өтті. Салалық бағыттар бойынша өту балы төмендегідей:
Агроөнеркәсіп және экология – 13 балл; Сыртқы саясат және инвестициялар – 16 балл; Инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты – 20 балл; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам – 18 балл; Цифрландыру – 18 балл; Экономикалық және қаржылық саясат – 18 балл;Кандидаттардың толық тізімі pkrezerv.gov.kz ресми порталында жарияланды.
Үшінші кезең – «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» – биылғы жылдың 16 тамызында өтеді. Бұл кезеңде мемлекеттік қызметке тән нақты жағдайларда басқарушылық шешім қабылдау қабілеті бағаланады.
Барлық қатысушылар 15 тамыз сағат 23:59-ға дейін (Астана уақытымен) жеке кабинеті арқылы тіркелуі тиіс. Іріктеу барысының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында прокторинг жүйесі қолданылады. Талаптарды бұзу – соның ішінде бөгде көмекті пайдалану, AnyDesk, TeamViewer секілді қашықтан басқару бағдарламаларын қосу, камера немесе микрофонды өшіру, смартфон мен құлаққап қолдану, тест мазмұнын көшіру – нәтижелерді жоюға негіз болады. Кандидаттар үшін арнайы нұсқаулық жеке кабинетте орналастырылған.