• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер 20 Тамыз, 2025

Академиктің фотоаппараты

60 рет
көрсетілді

Әйгілі тілші-ға­лым, мәдениеті биік тұлға Рәбиға Сыздық (1924–2020) «Зенит-С» атты фотоаппарат ұстап, айналасын тарихқа таңбалап кет­кенін естіп пе едіңіз?

Белгілі адамдар­дың белгісіз қыр­­лары жөнінде көп біле бермейміз. Мәселен, ака­демик Шора Сарыбаев футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Ол өз дәуі­рін­дегі бүкіл аяқ доп шеберлерінің есім­дерін түгел жатқа айтып беретін бол­ған. Тіпті ұлының атын Қайрат деп қойған (мемлекет қайраткері, дип­ломат Қайрат Сарыбайды айтып отырмыз)

Тағы бір жүй­рік жан­кү­йер, әй­гілі фут­болтану­шы Тұ­ман­бай Мол­дағалиев қазақ жұртына осы қыры­нан мол танымал. Сондай-ақ тілші-академик Рәбиға Сыздықтың да доп додасына қы­зығушылығы ешкім­нен кем болмаған деседі. Әлем чемпио­наты басталар кезде Шора ағамыз екеуі Тіл институтынан арнайы демалыс алып, телевизордың маңын­да отырады екен деген аңызға бергісіз әңгіме ара-тұра айтылып қалатын. Анық-қанығын кім біл­ген? Дегенмен Рә­биға апайдың өзі де жас шағында спорт­тың кейбір түрле­рі­мен шындап шұ­ғыл­дан­ғанға ұқсайды.

Тіл ғұламасының тағы бір ермегі фотоға түсіру болыпты. Ол сапарға шыққанда фотоаппаратын үнемі ала жүрген. Барған жерінен тәп-тәуір су­реттер сериясын әзірлеген. Өзінің әлеуетті әріптестері, қанаттас құрдастары Әбдуәли Қайдар мен Шора Сарыбаевты да талай рет фотообъективке іліктірген. Тіл білімі инс­титутының әр жылдардағы сәтте­рін кадр­ға енгізіп, са­ланың шежіре­сіне біршама үлес қос­қан. Яғни Рәбиға Сыз­ды­қ  – «Қазақ қалам­герлері­нің хоббиі» идеясының авторы, бұл та­қырыпқа арнап сериялы мақалалар жазған Құлтөлеу Мұқашқа таптырмайтын кейіпкер. Әрине, апайдың сирек кадрлары Шүкір Шахайдың шығармашылық ше­деврлері секілді ширатылып түсе қоймайды. Оның есе­сіне, ол өз заманының сипатын таны­татын шынайы дүниелерді қатарға қосқан. Хош, мұның бәрін ежіктеп не үшін айтып отырмыз? Мы­нау «Зенит-С» деп аталатын қастерлі құ­рал –  сол Рәбиға апамыз мойнына асып алып, сәулетті сәттерді там­сана таң­­балаған ба­ға жетпес фотоаппа­рат! Өз ке­зеңінде тү­сіру техникасының сұл­таны саналған та­ри­­хи жәдігер. Апай­­дың салалы саусақ­тарының ­табы қал­­ған осы бұйым қазір Қазақ­стан ғы­лымы­ның тарихы музейін­де сақ­таулы. Ғиб­рат­ты ғы­лым ордасының төрін­де тұрған елеулі ескерт­кіштің бірі...

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ