Авиациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның көлік саясатындағы басымдықтарының бірі. Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәйкес еліміздің жетекші әуежайлары – Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе – логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын заманауи мультимодальды орталықтар ретінде дамып келеді, деп жазады Egemen.kz.
Астанада 2025 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайын жаңғырту басталды. Оның шеңберінде $1,1 млрд. көлемінде инвестициялар тарта отырып, екінші ұшу-қону жолағын, сондай-ақ үшінші жолаушылар және жүк терминалын салу көзделген. Сондай-ақ, индустриялды-логистикалық аймағы, бизнес-орталықтары, қонақ үйлері және сауда алаңдары бар «Аэротрополис» көпфункционалды кешені құрылатын болады.
Алматы әуежайы 2050 жылға дейінгі дамудың бас жоспары бойынша жаңғыртылмақ. Бүгінде бірінші кезең басталып кеткен. Ол ішкі рейстер терминалының реконструкциясын, такси жолын салуды, ҰҚЖ мен отын инфрақұрылымын жаңартуды, заманауи жүк перрондары мен техникалық қызмет көрсету ангарын құруды қамтиды. Сондай-ақ қонақ үй мен көп деңгейлі автотұрақ салу жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, одан кейінгі операциялық қызмет барысында 550 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Шымкентте 2024 жылдың 25 желтоқсанында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн жолаушыға дейін артты. Алдағы жылдары ұзындығы 3,5 мың метр болатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жоспарланған. Сонымен бірге әуежайды «Оңтүстік» АЭА аумағымен байланыстыратын мультимодальды хаб құру жұмыстары басталған.
Ақтөбеде биыл ауданы 15 мың шаршы метр болатын көпфункционалды логистикалық хабтың құрылысы басталды. Мұнда қазіргі заманғы қоймалар, соның ішінде қауіпті және тез бұзылатын жүктер үшін тоңазытқыш камералар мен бағалы тауарларға арналған секциялар қарастырылған.
Сонымен қатар, жанармай құю кешенін жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол аяқталған соң отынды сақтау көлемі екі еседен көп артпақ. Әуе айлағы JET-A1 маркалы отынды жеткізуші алғашқы аймақтық әуежай болады.
Сондай-ақ, екінші ұшу-қону жолағының құрылысы қарастырылып жатыр, бұл қолданыстағы жолаққа ұшыру-қондыру процесін тоқтатпай-ақ күрделі жөндеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет елдің ірі әуежайларының аумағында арнайы экономикалық аймақтардың шекараларын кеңейту туралы шешім қабылдады. Бұл инвесторларды тартуға, өнеркәсіп пен логистиканы дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның әуе тораптарын Ұлттық экономика үшін қуатты өсу нүктелеріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарын дамыту есебінен елдің туристік әлеуетін ашу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл жолдағы басты қадам сапалы жол инфрақұрылымын жүргізе отырып, заманауи әуежайлар салу болды.
Бүгінде болашақ әуе айлақтарын орналастыруға арналған алаңдар анықталды. Зайсанда әуежай Сатпай ауылының маңында, қаладан 25 шақырым жерде және сол аттас көлдің жанында бұрынғы әскери әуеайлақ аумағында салынады. Катонқарағай ауданында жаңа әуе айлағы демалыс аймағынан 27 шақырым жерде, Белқарағай ауылының маңында салынады. Кендірліде әуежай курорттық аймақтың жанында, Каспий жағалауынан небәрі 15 шақырым жерде орналасады.
Сараптамалық зерттеулердің қорытындысы бойынша бұл учаскелер оңтайлы деп танылды: олар метеожағдайлар мен жер бедерінің ерекшеліктеріне сәйкес келеді, ұшақтарды екі бағыттанда қабылдауға және одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері жер телімдерін берді. Мердігерлік ұйымдар дайындық жұмыстарына кірісті: құрылыс материалдары әкелінді, 250-ге жуық техника мен техникалық персонал жұмылдырылды, уақытша инфрақұрылым мен бейнебақылау жүйелері орнатылды, құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде және ұшу-қону жолақтарының негіздері орнатылып жатыр.
Бұл жобаларды жүзеге асыру көлік қатынасына қолжетімділікті едәуір арттырады және Қазақстанның курорттық аймақтарын туристер мен инвесторлар үшін тартымды етеді. Жаңа әуежайлар заманауи туристік инфрақұрылымды дамытудың іргетасы және өңірлердің экономикалық өсуіне маңызды үлес болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалықта әуежайды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жаңа аэровокзал кешені мен ҰҚЖ-ны реконструкциялау қалаға әуе қатынасын қайтарады.
Арқалық әуежайы 1992 жылдан бері жұмыс істемеген. Зерттеу көрсеткендей, ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуді, ал ескі терминал ғимараты мен инженерлік желілер толық қалпына келтіруді қажет етеді. Осыған байланысты жаңа заманауи жолаушылар терминалын салу және барлық инфрақұрылымды жаңарту туралы шешім қабылданды.
Жоспар бойынша жаңа ҰҚЖ мен жолаушылар терминалы сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсете алады.