Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты «Дар Арганик» шаруа қожалығы сүт өндіру бағытында Финляндия елінен «Айршери» тұқымды 91 ірі қара сатып алған. Ірі қараның әр басын 3500 евроға алдырған қожалық, қазіргі таңда тәулігіне орта есеппен 2,5 тонна, майлылығы 4 пайыздан асатын сүт өндіріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сауылған сүт аудандағы «Майлыкент сүт» зауытына және көршілес Сайрам ауданына жоғары бағада өткізіліп келеді. Шаруа қожалығында бір сиыр тәулігіне орта есеппен 25-33 литрге дейін сүт береді екен. Кәсіпкер биыл ірі қара санын 391-ге жеткізуді көздеп отыр, ал мемлекеттен қолдау болған жағдайда алдағы жылдары 1500-ге басқа дейін көбейтпек. Шаруа қожалығында сүт өндіру жұмыстары толық автоматтандырылған, жалпы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Айта кетелік, аталған шаруа қожалық ірі қараның дәл осы тұқымының еліміздегі патентінің иесі. Нысанда ірі қарадан бөлек 82 бұзау бар. Жалпы аудан көлемінде мал шаруашылығымен айналысатын 193 шаруа қожалық бар. Оның ішінде 5 қожалық сүт өндірісіне бағытталған.