• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 17:13

Азаматтардың конституциялық сотқа тікелей жүгінуге құқығы бар - Еркін Оңғарбаев

20 рет
көрсетілді

Астанада Конституциясының 30 жылдығына орай 2022 жылғы конституциялық түзетулерге түсіндірменің 2-басылымының тұсаукесері өтті, деп жазады Egemen.kz.

Басылымды Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеген жұмыс тобының мүшелері Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов, Конституциялық Соттың судьясы Еркін Оңғарбаев, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова таныстырды. Олар 2022 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталды.

Конституциялық реформаның негізгі жаңашылдықтары - Президентті жеті жыл мерзімге сайлау, көппартиялық жүйенің дамуына қосымша жағдайлар жасау, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастыру кезінде аралас сайлау жүйесін енгізу, Парламенттің рөлін күшейту және мәртебесін жоғарылату, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесін және міндеттерін нығайту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын қайта құру туралы нормалар. Марат Башимовтың айтуынша, бұл – заңның үстемдігін арттыру жолындағы үлкен қадам, әрі демократия принциптерінің нығаюы.

«Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» принципі де осы конституциялық реформадан шыққан. Өйткені Үкімет жауапкершілікті ұлғайтып отыру керек. Осындай конституциялық өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты және оның ашықтығын күшейтті. Адам құқықтарына баса назар аударылды», деді Мәжіліс депутаты.

Конституциялық Соттың судьясы Еркін Оңғарбаев адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту туралы айтты. Ол қазіргі уақытта азаматтардың конституциялық сотқа тікелей жүгінуге құқығы бар екенін атап өтті.

«Бұрын мұндай құқық болмаған. 2023 жылғы 1 қаңтардан осы күнге дейін Конституциялық сотқа келіп түскен өтініштерді қарасақ, азаматтардан 11 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Басқа мемлекеттік органдардың, Президенттің, Парламент депутаттарының өтініштері бар. Алайда, 99%-ы – азаматтардың тікелей өтініштері. Әрине, бұл — демократиялық мемлекеттің дамуы жолындағы үлкен серпіліс. Президентіміз жиі айтатын Әділетті Қазақстан идеясы – осы Конституциялық Соттың қызметі арқылы да іске асып жатыр»,  деді Еркін Оңғарбаев.

Оның айтуынша, Конституциялық Соттың құрылуы мемлекеттік органдарды тәртіпке келтіріп, заң шығару процесіне, соның ішінде Парламент пен Үкімет жұмысына әсер етеді.

«Конституциялық Сот өз жұмысын бастағалы бері 74 нормативтік қаулы қабылдады, олардың басым бөлігі – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған», деп нақтылады Конституциялық Сот судьясы.

Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова 2022 жылы қабылданған конституциялық түзетулер туралы айта отырып, жаңартылған Конституция Қазақстандағы конституционализмнің жаңа кезеңін бастауға негіз болғанын атап өтті.

«Бүгінде бұл нормалардың барлығы қоғамымызды, саяси жүйемізді, азаматтық қоғам институттарын ілгері жылжытып жатыр деп сеніммен айта аламыз», деді ол.

Президенттік институтқа қатысты конституциялық өзгерістер туралы айта келе, құқықтанушы Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деген нормаға тоқталды.

«Бұл бастаманы Мемлекет басшысы өзі көтерді, біз оны Конституциялық ережеге айналдырдық. Президенттің партиядан тыс әрі саяси тұрғыдан бейтарап болуы саяси жүйеде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын күшейтеді. Осы жаңашылдықтар енгізілгеннен кейін, бізде көптеген бағыттар бойынша әділетті әрі адамның қажеттіліктеріне басымдық беретін қоғам мен мемлекетті қалыптастыратын жаңа бағдарлар айқындалды», деді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры.