Қазақ журналистикасы талантты бір аяулы жаннан айырылды. Танымал журналист, «Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкері Айгүл Аханбайқызы дүние салды.
Қаламы қарымды әріптесіміз қазіргі Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Ойтоған ауылында өмірге келген. Бұл – қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров туған мекен. Жас күнінен атақты ақын өлеңдерінен нәр алған Айгүл қара сөзді пір тұтып өсті. Оқушы кезінен аудандық газеттерге мақалалары жарияланды. Алматыға арман қуып келіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне түсті. Жоғары оқу орнында оқып жүріп, еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып бастады. Осындағы аға буын өкілдерінің тәлімін алды. Қолтаңбасын қалыптастырды. Содан кейін республикалық «Жас Алаш» басылымына ауысты. Тоқсаныншы жылдардың соңында жастар газеті жаңа тыныспен жарқырап шықты. Оны оқырмандар іздеп оқитын. Айгүлдің де осы газетте жұлдызы жанды. Есімі елге танылды. Оның әлеумет, руханият, мәдениет тақырыбындағы мақалаларын жұрт сүйіп оқыды. Өнер майталмандарынан алған сұхбаттары елдің қолынан түспеді. Кез келген мәселені тереңнен толғап жазды. Театрды бүге-шігесіне дейін білді. Одан соң «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Халық сөзі» басылымдарында еңбек етті. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының баспасөз қызметінде істеді. Ол қандай басылымда қызмет атқарса да жайдары мінезімен, әдемі күлкісімен, парасатты болмысымен, еңбекқорлық қасиетімен сыйлы болды. Өзінен кейінгі жастарға үлгі көрсетті.
Шын мәнінде, ол – қолтаңбасы айшықты журналист еді. Сыршыл қалам иесі болатын. Оның жазған дүниесінен тұнық судай мөлдірлік, тазалық, шынайылық есіп тұратын. Айгүл Сайын Мұратбеков туралы жазған мақаласында: «Зер қадірін зергер білер» деген зерделі сөз қадірін Сайындай білген жазушы кемде-кем шығар деген ой келеді. Ағылған-төгілген сөз тасқынынан туатын кере қарыс романдарды жазу бір басқа да, қысқа əңгіме жазудың басты ерекшелігі – көп сөзге ұрынбай, Бейімбетше ондыққа дəл тигізіп жазу – ол басқа. Қазақ прозасындағы қысқа əңгіме жазу жанрында бұл тəсілді дəл Сайын Мұратбековтей меңгерген ешкім жоқ», деп баға береді. Дәл осы сөзді ауыспалы мағынада автордың өзіне де қаратып айтуға болады. Ол да көп сөзге ұрынбай, ойын ондыққа дәл жеткізетін.
Белгілі журналистің осыдан он үш жыл бұрын шыққан «Оқырман күткен әңгіме» атты кітабын оқырмандар өте жылы қабылдады. Мұнда автор қазақтың қабырғалы ақын-жазушыларының шығармалары жайында сыр шертеді. Олардың жазу шеберлігіне үңіледі. Кейіпкерлерінің тарихына тоқталады. Әсіресе ешкімге сыр аша қоймайтын аса көрнекті суреткер Мұхтар Мағауиннен алған сұхбатын қызығып оқисыз.
Айгүл Аханбайқызы өмірінің соңына дейін «Egemen Qazaqstan» газетінде аянбай қызмет етті. Ауыр дерт қанша қинаса да ешкімге сыр білдірмеді. Басылым бетінде ойлы сұхбаттары мен мазмұнды мақалалары жиі жарық көрді. Еңбегі де ескерусіз қалмады. Былтыр Ақордада Президент қолынан «Құрмет» орденін алды. Сонда ерекше қуанып еді. Бірақ халқымыз «Жазмыштан озмыш жоқ» деп айтады. Әрине, оның журналистикада қалдырған ізі ешқашан өшпейді деп сенеміз. Марқұмның жұбайына, ұлы мен қызына, ағайынына қаламгер әріптестері атынан көңіл айта отырып, Айгүл Аханбайқызы қалам қуатымен, адамшылығымен соңына ізгі жол, өрісті өнеге қалдырды, енді Жаратқан Ие осыны ұмытпауды, әркез жадымызда жаңғыртуды нәсіп етсін дегіміз келеді.
«Қазақ газеттері»
серіктестігінің ұжымы