• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:35

Астана педагогтері кеңесі

30 рет
көрсетілді

Елордада астаналық педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Іс-шарада қалалық білім саласының өткен оқу жылындағы қорытындысы мен жаңа оқу жылындағы жаңалықтары талқыланып, үздік әдістемелер сарапқа салынды. Конференцияға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, бас шаһардың әкімі Жеңіс Қасымбек, депутаттар, білім саласының қызметкерлері, ата-аналар қатысты.

Жиында сөз алған Премьер-минис­трдің орынбасары Е.Көшер­баев кейінгі жылдары білім ұйым­дары мен педагогтердің қоғамдағы рөлі артып келе жатқанын жеткізді. Оның ойынша, осыған орай мұға­лімдердің жауапкершілігі де, соған сай жалақысы да жыл санап көбейіп жатыр.

– Еліміздің экономикасын дамыту жаңа заманда жаңа міндеттер жүктеді. Бұл білім саласына жауап­кершілікті арттыра түсті. Өйт­ке­ні бізге қоғамның талабын қана­ғаттандыратын, өзгерістерге бейім ұрпақ қалыптастыру қажет. Мұндай ұлы іс – әлбетте педагогтікі. Қазіргі заманда мұғалім білім беруші ғана емес, жаңалықты жасаушы, оқу­шыны бағыттаушы болуы керек. Осы ретте Президентіміз ерекше мән беріп отырған ұрпақ тәрбиесіне біліммен бірдей назар аударған абзал. Цифрлық трансформация жағдайында тек білім беру ғана емес, балаларды жылдам өзгертіп жатқан өмірге бейімдеу маңызды. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар мұғалімнің көмекшісі­не айналып, шығармашылық пен дамуға көбірек мүмкіндік ашуға тиіс. Сонымен қатар педагогтер­дің кәсіби өсуі мен лайықты еңбегі үшін барлық жағдайды жасау қа­жет. Біздің ортақ міндетіміз – бәсекеге қабілетті, болашақтың сын-қатерлеріне дайын ұрпақ тәрбиелеу, – деді вице-премьер.

Тамыз кеңесінде баяндама жасаған Астана қаласының әкімі Ж.Қа­сымбек биыл қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетінін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз форумында еркін ұрпақ өсіп келе жатқанын, заңды сайлау мен тәртіпке бағыну қоғамның берік қағидасына айналып, Қазақстанның жаңа сипаттағы мемлекетке бет бұрғанын атап өтті. Елордамыз жылдан-жылға дамып, халық саны артып келеді. Былтыр мектепті бітір­ген түлектердің саны 14 мың болса, биыл мектепке баратын балалардың саны 30 мыңнан асып отыр. Бұл не деген сөз? Жыл сайын кем дегенде 10-15 мектеп салуымыз қажет. Биыл жергілікті бюджет есебінен 14 жаңа мектеп, 4 балабақша ашылды. Бой көтеріп жатқан жекеменшік білім ұйым­дары тағы бар. 2024–2025 оқу жылында Мемлекет басшысының ба­с­тамасымен 16 «Келешек мек­тептері» пайдалануға берілді. Биыл тағы 7 «Ке­лешек мектептері» ашылады. Жаңа мектептерді көптеп салу арқылы бас қаламызда үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі. 2-3 жыл бұрын қалада 8 үш ауысымды мектеп болатын, осы жылдан бастап үш ауысымды мектеп болмайды, – деді әкім Ж.Қасымбек.

Астана қалалық білім басқарма­сының басшысы Қасымхан Сен­ғазыұлы 3-6 жастағы балаларды мек­тепке дейінгі ұйыммен қамту 100 пайызға жеткізілгенін, ендігі міндет ретінде 2 жастағы балалар баратын бөбекжай-балабақшаларды көбейту қолға алынғанын баяндады.

– Астанада ваучерлік қаржы­ландыру жүйесін енгізу нәти­жесінде 3-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Енді 2 жастағы балаларды қамтуға күш саламыз. 23 балабақшада 150 баланы қамтитын инклюзия­ны қолдау кабинеттері ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап осындай кабинеттер саны артады. 20 балабақшада «Тілге бойлау» қанатқақты жобасы іске асырылды. Жаңа оқу жылынан бұл жоба қала бойынша барлық мемлекеттік балабақшаға енгізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында еліміз бойынша 3 жыл ішінде 1300 мектепті қайта жаңғырту тапсырылды. Астанада осы тапсырма аясында 2025–2027 жылдары 22 мектепті жаңарту көзделген. Биылдың өзінде 6 мектеп толық жаңартудан өтті. Елде техникалық және кәсіп­тік білім беру ұйымдарының студент­тері әлемдік деңгейде кәсіби құзы­реттерін растай бастады. Жұмыс­шы мамандықтар жылы аясында қолға алынған бұл бастама түлек­тердің біліктілігін арттыруға бағыт­талған. Халықаралық сертифи­кат жастарға шетелдік компания­­лар­да тәжірибеден өтіп, еңбек нары­ғы­на сенімді қадам басуға жол ашады. «World skills Kazakhstan 2024» VII республикалық чем­пио­на­тын­да Астананың 11 коллед­жі­нен қа­тысқан студенттер 31 құ­зы­ретті­лік бойынша бақ сынап, 11 медаль иеленді. Нәтижесінде, елордалық команда республика бойынша үздік­тер қатарынан табылып, жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды, – деді Қ.Сенғазыұлы.

Іс-шара шеңберінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде білім саласын дамытуға, сапаны арттыруға арналған отандық және шетелдік өнімдер, көрнекі құрал­дар көрсетіліп, бас қаладағы оқыту ұйымдарының тиімді әдістері мен үздік тәжірибелері таныстырылды. Мәселен, Астана қаласы №82 балабақшаның меңгерушісі Райхан Алтынханқызы кәсіби бағдарлауды, атап айтқанда, жасанды интеллект элементтерін балабақшадан бастап енгізіп отырғанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі республи­калық Тамыз конференциясында білім үдерісіне уақыт оздырмай жасанды интеллект үлгілерін енгізуді тапсырды. Бала мектепте жаңа пәнді оңай алып кетуі үшін біз жасанды интеллект үлгілерін балабақшадан бастап оқу-тәрбие үдерісіне енгіздік. Біз бұл жаңа жобаны негізі былтырдан бері қолға алғанбыз. Қазір­гі нәтижеміз жаман емес. Осы жасанды интеллект элементтері бар роботтехника сабағынан үздік болған балаларымыз халықаралық білім бәйгесінен 2-орын иеленді. Тәрбиеленушілеріміз алдымен жай құрастырудан бастап үйренсе, ке­йін күрделене түскен тапсырма­лар арқылы пультпен басқарыла­тын электрондық тракторды өздері жасап шықты. Бүгінгі Тамыз кеңе­сіне тәжірибемізді таратуға келіп тұрмыз, – деді Р.Алтынханқызы.

Конференция жұмысы астана­лық үздік педагогтерді марапаттаумен мәресіне жетті.