• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:50

Еркін Оңғарбаев: Конституция үстемдігі – әділеттілік қағидатының арқауы

100 рет
көрсетілді

Биыл еліміздің бас­ты заңдық құжаты, Тәуел­сіз­дігіміздің шамшы­рағы болған Конс­ти­ту­­циямыздың қабылдан­ғанына 30 жыл толады. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымызға кейінгі жылдары уақыт талабына сай өзгерістер енгізіліп отырды. Соның бірі де бірегейі – 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум арқылы жүзеге асқан конституциялық реформа. Біз Конституцияға өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы ұсы­ныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Конституциялық сот­тың судьясы, заң ғылым­дарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаевты әңгімеге тартып, аталған реформаның қоғамға қан­дай өзгерістер алып келгені жайында білген едік.

– Еркін Әнуарұлы, үш жыл бұрынғы республикалық рефе­рендумның Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызы қандай болды?

– Бұл өзгерістерді тәуелсіз елі­міз тарихындағы маңызды да тағы­лымды белес деп айтуға толық­тай негіз бар. Конституция­лық жаңар­тулар адам құқықтары мен бостандықтарының басымды­ғын, азаматтық қоғамның демокра­тия­лық құндылықтарын айқын нығай­тып, «Заң мен тәртіп» қағи­да­тын жүзеге асырудың берік құқық­тық іргетасын қалады. Реформа аясында Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізілді. Бұл – барлық бап­тың үштен бір бөлігі. Қазіргі таңда оның жалпы саны 99 бапты құрайды.

Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде еліміз «суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар пре­зиденттік республикаға» қадам жасады. Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешбір саяси партияға мүше болмауға тиіс. Сондай-ақ сая­си партияға мүшелік құқы­ғы­нан айырылғандар қатарын­да Конституциялық соттың, Жо­ғар­ғы соттың және өзге де сот­тар­дың төрағалары мен судья­ла­ры, Орталық сайлау комиссия­сының, Республикалық Жоғары аудиторлық палатаның төраға­ла­ры мен мүшелері, әскери қыз­метшілер, ұлттық қауіпсіз­дік және құқық қорғау органдары­ның қызметкерлері бар. Бұған қоса Конституцияның 43-бабы­ның 4-тармағына сәйкес, Прези­дент­тің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын иелене алмайды.

Суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқару үлгісіне көшу аясында Президенттің облыс­тардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерінің шешімдерін жою құқығы алынып тасталды. Бұдан былай Президент аталған өңірлер мен қалалардың әкімдерін тағайындау кезінде олардың кандидатураларын жергілікті мәслихат депутаттарымен келіседі. Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынады, ал мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.

– Парламент палаталарының қызметіне де енгізілген өзгеріс­терге тоқтала кетсеңіз.

– Конституцияға сәйкес, Мәжіліс 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 болған). Олар аралас сайлау жүйесі арқылы сайланады: біртұтас ұлттық сайлау округі бо­йынша пропорционалды өкілдік жүйесі­мен және бірмандатты аумақтық сайлау округтері арқылы.

Парламент палаталардың бір­лескен отырысында конституция­лық заңдарды қабылдау құқығына ие. Сол тәртіппен ол Президенттің қарсылығын тудырған конституция­лық заңдар немесе олардың жекелеген баптары бойынша да талқы­лау өткізіп, дауыс береді. Бұл талқы­лау Президенттің қарсы­лық­тары жіберіл­ген күннен бас­тап бір ай ішінде жүргізілуге тиіс. Егер белгіленген мерзім сақтал­маса, Президенттің қарсы­лық­тары қабылдан­ған болып саналады. Парламент әр палата депу­таттарының жалпы санының төрттен үшінің даусымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Мемлекет басшысы конституциялық заңға бір ай ішінде қол қояды. Ал егер қарсылық еңсерілмесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданады.

Мәжіліс жылына екі рет Респуб­ликалық Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды. Сонымен қатар ол кез келген заң жобасын депутаттардың жалпы саны­ның көпшілік даусымен қабылдамай қоюға құқылы. Мұндай жағдайда жоба қабылданбаған болып саналып, оны ұсынған тарапқа қайтарылады.

Сенат заң жобаларын өзі қабыл­да­майды, тек Мәжіліс мақұл­даған құжаттарды депутатта­рының жалпы санының көпшілік даусымен бекітеді.

– Реформа аясындағы ерекше атап өтер өзгерістің бірі – Конституциялық соттың құрылуы. Мемлекет басшысы: «Әділетті Қазақстанның айнасы» деп баға берген бұл жаңа орган­ның жұмысы әрі оның маңызы туралы не айтасыз?

– Ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін жаңа Конс­титуциялық сот 2023 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап жұмыс істеп келеді. Бұрынғы Консти­туциялық кеңестен басты ерекше­лігі – оған жүгіну құқығы бар субъекті­лер шеңберінің кеңеюі. Енді Конс­титуциялық сотқа азаматтар, Пре­зи­дент, Парламент пала­та­­ларының төрағалары, депу­тат­­тар­дың кемінде бестен бірі, Премьер-министр, Адам құқық­тары жөнін­дегі уәкіл, Бас прокурор, сондай-ақ соттар тікелей өтініш жасай алады.

Бұған дейін азаматтардың Конс­ти­туциялық бақылау органы­на тікелей жүгіну құқығы болмаған еді. Конституциялық сотқа тіке­лей өтініш беру мүмкіндігі – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы құқықтық тетіктерді дамытудың маңызды кезеңі.

Бүгінде Конституциялық сот ұлттық конституциялық іс жүргізу үлгісін жетіл­діріп жатыр. Оның басты қағидаттары – Конститу­ция­ның үстемдігін қамтамасыз ету, өтініштерде көтерілген мәселелерді жан-жақты әрі сапалы қарау. Мұндай тәсіл белгілі бір норманың мазмұны мен мақсатын тереңірек түсінуге, оның өзге құқықтық нормалармен байланысы мен қайшы­лық­тарын айқындауға, құқық қолдану тәжірибесіндегі әлеуетін бағалауға, сондай-ақ конституциялық нормалар және қағидаттармен арақатынасын нақтылауға мүмкіндік береді.

Осы орайда нақты сандарға жүгінек, 2023 жылдан биылғы 1 та­мызға дейін Конституция­лық сотқа 11 мыңнан аса өтініш түс­ті. Олар­дың 99,8 пайызы немесе ­11 580-і – азаматтардан. Сонымен қа­тар мемлекеттік билік субъектілері­нен 14 өтініш, Республикалық адвокаттар алқасынан 1 өтінішхат түсті. Өз жұмысын бастағалы бері Конституциялық сот 74 нормативтік қаулы қабылдады. Оның ішінде 65-і азаматтардың өтініштері бо­йын­ша, ал 8-і мемлекеттік билік субъек­тілерінің өтініштері негізін­де қаралды.

– Конституциялық соттың норматив­тік қаулыларында бекі­тілген құқық­тық ұстанымдар ішінен азаматтар­дың конститу­ция­лық құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауға қатыс­ты қабылданған бірқатар шешімге тоқталып өтсеңіз.

– Атап айтар шешімнің бірі – 2023 жылы Қылмыстық кодекстің 197-бабын Конституцияға сәй­кестігі тұрғысынан қарау. Бұл бапта мұнай немесе мұнай өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын нақты қандай құжат есептелетіні айқын көрсетілмеген. Мұндай құқықтық олқылық құқық қолданушылар тарапынан бапты кеңінен түсіндіруге жол ашып, азаматтардың консти­ту­ция­лық құқықтары мен бостан­дық­тарының бұзылуына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар қо­ғам­дық қауіпті әрекеттің нақты ны­са­нын дұрыс айқындау үлкен прак­тикалық мәнге ие. Ол құқық­қа қай­шы іс-әрекеттерді қылмыс­­тық жауап­тылыққа жатпайтын заң­­ды әрекет­терден ажыратуға, жасал­­­ған іс-әрекетті дұрыс саралауға мүм­­кін­дік береді.

197-баптың диспозициясынан меншік құқығын қылмыстық-құқықтық қорғау тікелей көзделме­гені байқалады. Бұл бап бойынша жасалған әрекеттер кей жағдайда мұнай немесе мұнай өнімдерінің меншік иесіне немесе иеленушісіне зиян келтірмеуі мүмкін. Сондай-ақ ҚК-нің 197-бабының бірінші және екінші бөліктері қылмыстық теріс қылық белгілерін қамтиды. Дегенмен заң шығарушы мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауап­ты­лықтың ең төменгі шегін нақты белгілемеген. Соның салдарынан мұнай немесе мұнай өнімдерінің аз ғана көлеміне қатысты да қылмыс­тық жауаптылық көзделуі ықтимал.

Бүгінде Конституциялық соттың аталған нормативтік қаулысының заңнамалық тұрғыда іске асырылуы­ның нақты нәтижелерін байқауға болады. Біріншіден, өткен жылғы 6 сәуірдегі «Кәсіпкерлік қызметті жүргізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде 2011 жылғы 20 шілдедегі «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңына түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, 18 және 19-баптарда мұнай мен мұнай өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын құжаттардың нақты тізбесі белгіленді.

Екіншіден, құқықтық айқын­дықты қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Биылғы 16 шілдедегі «Қылмыстық заңнаманы оңтайлан­дыру мәселелері бойынша Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң­мен ҚК-тің 197-бабына қатыс­ты қылмыстық жауаптылық шегі нақ­тыланып, айлық есептік көрсеткіштің 200 еселенген мөлшері деп белгіленді.

– Конституциялық сот Қыл­мы­с­тық кодекстегі сотталған­дар­дың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығын шек­­теуге қатысты норманы да қа­раған еді. Оның нәтижесі қандай?

– Қылмыстық кодекстің 72-ба­бы­ның бұрынғы редакциясын­да шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) өлім жазасы тағайын­далып, кейін рақымшылық жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жою туралы заңға байланысты бас бос­тандығынан айыру жазасына ауыс­тырылған сотталғандарға қол­да­нылмайтын. Конституциялық сот аталған санаттағы адамдарға ШМБ қолдануға шектеу қою бүгінгі құқық қолдану тәжірибесінде жоқ жаза түрімен байланысты екенін атап өтті. Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға ты­йым салынған, ал қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасынан оған қатысты нормалар алынып тасталған. Сондықтан Қылмыстық кодекстегі бұл шектеудің сақталуы Конституцияға сәйкес келмейді.

Осыған байланысты Конститу­ция­лық сот ҚК-нің 72-бабы сегі­зінші бөлігінің 1) тармағын Конституцияға қайшы деп танып, Үкіметке өз қорытынды шешімінде баяндалған құқықтық ұстанымдарға сәйкес ҚК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске енгізуді ұсынды. Сонымен қатар сот ШМБ мәселесін қарау сотталғанды автоматты түрде босату дегенді біл­дір­мейтінін баса айтты. Бұл тек сот сотталғанның түзелгенін мойын­д­аған жағдайда, қылмыстық жаза­лаудың мақсатта­рына қол жет­кізіл­генде және заңда белгіленген нақты шарттар орындалғанда ғана мүмкін болады.

Жоғарыда келтірілген мысалдар Конституциялық соттың нормативтік қаулыларының прак­тикалық қолданысын, олардың Парламент пен Үкіметтің заң шығармашылық қызметіне, соттардың, прокуратура мен құқық қорғау орган­дары­ның жұмыс сапасын арттыруға оң ықпал етіп жатқанын айқын дәлелдейді. Осылайша, Конституцияның үстем­дігі «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың негізгі өзегі болып отыр деп айта аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»