• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:07

Ұлт өнеріндегі еңселі тұлға

40 рет
көрсетілді

Қатал тағдыр Арқаның айтулы театрын Қайратынан айырды. Бес күндік жалған өмірдегі шілденің бір кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ­театр және кино актері Қайрат Кемаловтың үлкен жүрегі мәңгілікке тыныстады... Арқа жұртына, қалың көрерменге шілденің аптап ыстығындағы бұл тым суыт хабар жүректі қарыған аяздан бетер әсер етті...

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өмірден өтіп, соңғы сапарға шығарып саларда Ғабит Мүсірепов: «Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген сөзін Мұқаңа қаратып айта алмаймыз. Оның орны қай заманда болсын үңірейіп тұрады» депті. Шындығында, Қаллеки, Шәкен, Нұрмұхан, Әнуар ағаларымыздың орнын басқан, шеберліктің биік дәрежесін бағындырған кім бар? Рас, рөлдерін ойнады, бірақ шыңы­на жеткені некен-саяқ. Ал көрермен сол кейіпкерлерін: Абай, Ақан сері, Шоқан, Ваня ағайды алдыңғы толқын ағалар сомдаған әлемдік дәре­жедегі биіктен көргісі келеді, аңсайды! Дарындар сомдаған кейіпкерлер ұлттық сахна өнерінің эталоны болып мәң­гілікке қалды...

Жалындаған жастық ша­ғымыздан біріміз аға, біріміз іні болып, сахнада қатар келе жатқан, С.Сейфуллин атын­дағы Қарағанды облыстық академиялық Қазақ драма театрының әйгілі актері, біздің мақтанышымыз, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласы­ның құр­метті азаматы Қайрат Кемалов бауырымның ор­ны ойсырап қалды. Өкініш өзекті өртегенімен, қолдан келер қайран жоқ. Өткен күндердің елесі, сахнада әріптес болған шуақты сәттердің сағынышы жұдырықтай жүрекке сияр емес.

Қайрат сан қырлы еді-ау, шіркін! Поэзияны ерекше сүйетін. Мен Қайратты ал­ғаш көргенімде ол 9-сыныпта оқитын. 1972 жылы қазіргі Н.Нұрмақов атындағы мектеп интернатының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі М.Шәріпова апай: «Кеңес айналайын, бізде өлеңді керемет оқитын бала бар, тәр­биеле­се, жақсы әртіс шыға­тын түрі ­бар», деді бір күні. Үзіліс кезінде ­барсам, оқу бөлімінің меңге­ру­шісі Сара Балқашқызы­ның кабине­тінде домбырамен ән салып отыр екен. Таныс­қан соң: «Әнді жақсы айтады екенсің, өлең оқып көрші» дедім. Тұрғанда байқадым, бойшаң екен. «Төлеген Ай­бер­генов «Сағыныш» деді де, бозбаланың әдемі қоңыр дау­сымен, мәнерлеп оқи жө­нелді. Үнінің ашықтығы, сөй­леу артикуляциясы, дикция­сы бірден ұнады. Әрі қа­рай М.Шахановтың поэмасынан бастап, Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев өлеңдерін жатқа соқты. Жадының ерекшелі­гі­не әрі таң қалып, әрі риза болып, актерлік факультетке прозаның, сықақтың да ем­тиханда керектігін айтып ес­керттім. Сол заманда театр­да өтетін түрлі мерекелердің сценариін жазып, режиссер­лік етуді театр басшылығы маған тапсыратын, сол концерттер­ге 3-сынып оқушысы М.Жүнісо­ва (қазіргі Қазақстанның ха­лық әртісі) екеуін қатысты­рып, үлкен сахнадағы тұсауын кескенім де күні кешегідей еді. Қайрат отан, ана туралы өлеңдерді оқитын. Мектеп бітірер кезде 1974 жылы Қазақ­стандағы Алматы консерваториясынан профессор Рәбиға Қаныбаева облыстан жас таланттарды оқуға тартуға келді. Мен интернатқа алып барып Қайратты көрсеттім. Рәбиға апай мектеп бітірушілерден ұзын бойлы Қайрат пен тағы екі жігітті таңдап оқуға түсуге шақырды, үшеуінің ішінен Қайрат түсіп кетті.

Қазақ театр өнеріндегі еңбек жолын «Әкемтеатрда» өнердің ұлы тұлғаларымен қатарласа жүріп бастап, айтулы мектептен өткен Қайрат Сәкен театрына келгенде хандар мен би-батырларды, салдар мен серілерді кейіптеуге түр-тұлғасы да, даусы да, дарыны да жетіп тұрған жампоз еді. Саналы ғұмырында ұлты­ның жоғын жоқтап өткен этнограф-жазушы, ұлтымыз­дың күмбірлеген күйі мен әуеле­ген әнін зерттеуге арнаған Ақсе­леу Сейдімбектей қазақ­тың ­талантты біртуар перзен­тіне аталас немере іні болып ке­ле­­тін Қайраттың да таланты мен ­талабы тау­дай болатын. Ол сахнада ойнаудың тео­­риясын Асқар Тоқпанов, Рәбиға­ Қаныбаева сынды театр өне­рінің мэтр­лерінен оқыса, киелі сахна құдіретін танып-білу дарыны өзінің өн бойы­нан табылатын. Сондықтан да ол сомдаған басты бейне­лер­дің ешқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, ол кейіпкер­ле­рін ешқашан да «трафа­ретке» салмайтын, жүрекке салатын. Сахнада кейіп­кер­­дің тағдырымен өмір сүріп, өмір­де адалдық пен адамдық­тың биігінен еш аласармай­тын. Батырды да, ханды да, биді де ол алдымен кәдімгі бәріміз қа­тарлы адам деп қарасты­рып, оның ішкі жан-дүниесін ашу­ға бар қарым-қабілетін жұм­сайтын, содан кейін ғана тұлғалық қасиеттерін көрсе­туге тырысатын. Осындай шынайы кейіпкерлер сомдауға оның білім-білігі де, ізденісі мен шеберлігі де жетіп артылатын. Қайраттың сан қыр­лы­лығы сондай, ол кей кез­дері хан-сұлтандар ғана емес, қарапайым адамдарды, мұң­лы-шерлі жандарды, үйсіз-күйсіз жүрген кембағал кісі­лерді де келістіріп кейіптеп беретін.

Қайрат сахна сардары еді. Ол Абай, Отелло, Брут, Артықбай, Бақтығұл, Ақан сері, Бәйдібек би, Ни­кита сынды отандық және әлемдік драматургиядағы белді кейіп­керлерді сомдап, таң­ғажайып шеберліктің өзіңдік үлгісін көрсете білді.

Сахнада Шекспирдің Мак­­­бетін, М.Әуезовтің «Дос – бедел досындағы» Дуанба­сын сом­дауды армандай жүріп, кей­бір көріністеріндегі сөз­дерін ­жат­қа айтып отыратын. Әсіресе ­кездескен са­йын: «Шіркін, сіз Санчо Пан­чо­ны мен Дон Кихотты ой­най алмай-ақ кететін бол­дық-ау!» деп өкінішін білді­ріп қоятын. Есесіне астаналық көрнекті режиссерлердің бірі Б.Ұзақовты шақыртып, белорус драматургі Дуда­раевтың «Кеш» пьесасын сах­налағанда, ол Никита мен Муль­тик рөлдерін ойнадық. Ізденістің неше бір саласы­ның ой-шұңқырын қазба­лап, ак­тер­лік шеберліктің тың тұс­тарын текшелеп жинап өзі­міздің бойымызға шақ-шақтап,­ тап-тамаша кейіпкер­лер шы­ғар­дық. Қайраттың да, ме­нің де көптен бергі шөлі­мізді қан­дырып, мерейімізді өсір­ген образдар галереясы бо­лып қалды. Көрермендер жылы қабылдады. Әсіресе Қай­рат­тың Никитасы «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп өтіп, жалған бедел жиған адам бейнесін керемет сомдап, түсінген адамға үлкен ой тастады.

45 жылдық шығармашы­лық өтілінде, сахнада 100-ден артық кейіпкерді сомдап, әр түрлі жанр­дағы әлемдік, ұлттық драматургияның дра­малық, трагедиялық, коме­диялық образдарын өз дәре­жесіне жеткізе білген білім­ді де, дарынды актер қатары­нан көрінді. Әйгілі сыншы Әшір­бек Сығай Қайрат­тың Ш.Мұр­тазаның «Домалақ ана» драмасындағы Бәйді­бек биді ойнағанын көріп: «Қобылан­ды, Ақан сері, Абай, Отелло, Городничиді ойнайтын кеме­ліне келген тұлға­лы актерлер, қазақ театрына сахна­ның сәнін келтіретін өзі де, сөзі де, ішкі жан дүниесі, қуаты кернеген актерлер жетіспейді. Қа­рағандылықтардың бақы­ты Қ.Кемалов, Р.Баймағанбе­тов сияқты актерлердің болуы, театрдың көркемдік жетек­шісі Ә.Оразбековтің әлем драматургиясының күрделі дүниелерін қоюына болады», деп театрға үлкен баға берген болатын. Тегінде, Қ.Кемалов тек Қарағанды театрының емес, ұлттық сахна өнері­нің мақтанышы еді. Ол басты рөл, эпизодтық рөл деп, бөле-жара қарамайтын. Кішкентай рөл­дің өзің жарқырата сомдап, көрерменнің ыстық ықыла­сына бөленген жан.

Біздің Қайраттың 60 жас­­қа иек артқан шағында, кино­­экрандағы жұлдызды сәті туды. Оның кинодағы ал­ғашқы рөлінің өзі қазақ хан­дығының негізін салған Керейдей кемеңгер тұлға­ны сомдау болды. Режиссер Рүс­тем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кино­эпопеясындағы Керей хан образы, Смағұл Елубай­дың «Ақ боз үйіндегі» – Пахрад­­дин би бейнелері халықара­лық конкурстарда «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қайрат Ке­ма­лов кинематография сала­сын­дағы «Тұлпар-2017» ұлттық сыйлығымен марапатталды.

Қайраттың кейіпкерлері­нің ішінде осалы жоқ. Бір ғана көріністегі эпизодтық рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпа­нын­дағы» (сахналық нұсқа­сын жа­саған Қ.Ысқақов, режис­сер халық әртісі М.Байсерке­нов) Артықбай батырдың об­разын керемет бейнелеп бер­ді. Айқаста жүріп жұлынын зақымдап отырып қалған Ар­тық­бай батыр Есеней келгенде (Рамазан Баймаған­бе­тов) әңгімелесе отырып, кіріп-шығып жүрген қызы Ұлпанға Есенейдің көзі түскен сәтін байқап қалған кезде, ішкі жан дүниесіндегі арпалысты көз жанары арқылы береді. Ел билеген Есеней бидің әркімге көзі түсе бер­мейтінін білетін Артық­бай қызының болашақ­та Есе­ней­ге жақсы жар бола алаты­­нын болжап, Ұлпанды Есеней­ге ұзатады. Осы эпизод­тағы Қайрат – Артықбайдың ішкі жан дүниесіндегі толғаны­сы, жымиған жылы жанары көрерменді еріксіз актерлік шеберліктің бұғалығымен матап тастайды. Нағыз шеберлік драматургтің жазған сөзде­рін айтып шығу емес, кейіпкер­дің ішкі жан дүниесіндегі арпалысты, ойлаған ойын жет­кізу. Қиналған сәтте­рін­­дегі кейіпкерлердің жа­най­­қа­йын жүрек сүзгісінен өт­кі­зіп, ақылмен түйіндеу кезін­дегі қиналысын Қайрат сәл кіді­ріс­пен әсерлі жет­кізе білетін.

Айрықша талант иесі бола тұра өмірде өте қарапайым. Үлкенді сыйлай білетін, жас­тарға ағалық ақылын айтатын саналы азамат болатын. Менімен ерекше қалжыңда­сып, еркелейтін. Сырымыз да, мұңымыз да, әзіліміз де жарасатын. Шіркін! Еркелейтін екі әріптес, бауыр достарым бар еді, екеуі де өмірден озып кетті. Бірі – Рамазан, екіншісі Қайратжан болатын. Театрда ізбасар актерлар көп. Өзіңдей батыр тұлғалы, өзі әнші, сөзі көркем, дауысы төске ұрған балғадай саңқылдаған, көз жанары от боп жанған, ішкі жан дүниесі тебіреніске толған, таланты мен білімі ұштасқан актер келе қояр ма екен?

Кейіпкердің көзімен кө­ріп, жүрегімен сезіп, ақыл-ойы­мен саралап сонан соң сөз арқылы көрерменге жеткізетін ойлы актер еді Қайрат. Бір қуанарлығы, соңында шәкірт­тері, ізбасарлары бар. Өміршең өнерді өрге сүйрейтін талантты, білімді, еңбекқор жастар аз емес. Қайрат жастардың сахнадағы өнерін бақылап жетістіктеріне қуанып, бағалап жүретін. Кейбір осал тұстарын көріп қалғанда: «Әттеген-ай, тек режиссердің шешімімен кетіп, өзіндік ішкі жан дүниесін кейіпкеріне сала алмаған екен. Сыртқы іс-әрекеті бар, іші бос. Не материалды аз оқыған, болмаса түсінігі бар да шеберлігі шыңдалмаған», деп өкінішін айтып отыратын.

Жастар жағы Қайратқа үйіріліп тұратын. Іссапарға шыққанда әсіресе пойызда, автобуста кетіп бара жатқан­да әңгімесін тыңдауға өте құш­тар. Үзіліс кезінде грим бөлмесінде, не театр асханасында шай ішіп отырып әңгіме-дүкен құратын. Қайрат нағыз қазақтың шежірешіл ақсақалдарындай керемет әң­гімешіл еді ғой. Тарихтан болсын, көне би шешендердің өмірінен болсын, ұлы актер­лер жайлы, тіптен алыс ауыл­дағы Қожанасыр азаматтар туралы әңгімелерді көп білетін. Құр­дас, замандастарының әсер­лі қылықтарын «тұздықтап жет­кізуге» шебер еді. Өзі жас­тарды ерекше еркелетсе, жастар да оны көргенше, кездескенше асық болатын. Жастардың кумирі еді. Қуанышты бір сәттерде «Шырмауық» пен «Қос күреңді» әуелете салып, қиналған кезде қалың оймен тереңнен бойлай, барлай отырып, зор даусын күркіретіп, соза түсуші еді. Ол сонда ішкі жан сезімін бізге «Шырмауық» арқылы жеткізіп отырғандай көрінетін. Ал соңғы кездері Төлеген Айбергеновтің:

«Өле берсінкүншілдер күйігіңде,

Өз ғасырым..өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді,

Мен өлемін өзімнің биігімде», – деген өлең жолдарын сан­қыл­дап тұрып, қайсар­лықпен оқы­ғанына талай мәрте куә бол­­дық. Иә, ол өмірдің, өнер мен ­ұлттық руханияттың асқар шы­ңында қалды. Біз оны әлі сағынамыз!

 

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның халық әртісі