• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 17:32

Қазақстанның әскери оқу орындарына 1700-ден астам талапкер қабылданды

30 рет
көрсетілді

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындары мен колледждерінің қабылдау комиссиялары биылғы оқу жылына үміткерлерді іріктеуді аяқтады. Нәтижесінде дене шынықтыру даярлығы және жалпы білім беру пәндері бойынша сынақтардан сәтті өткен 1700-ден астам талапкер студент атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты биылғы қабылдау науқанына 590-нан аса үміткер қатысса, олардың 350-ден астамы оқу орнының студенті атанған.

Айта кетейік, конкурстық іріктеу 7 мамандық пен 16 біліктілік бойынша өтті. Ең көп таңдалған бағыттар қатарында «барлау бөлімшелерін басқару» және «мотоатқыштар бөлімшелерін басқару» болды.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 360 талапкер құжат тапсырды, олардың ішінде 200-ден астамы оқуға қабылданған. Биылдан бастап мұнда жаңа бағыттар – «әскери істегі криптология» және шығыс тілдері бойынша «халықаралық әскери қатынастар және аударма ісі» енгізілді. Сабақтар екі дипломдық бағдарлама бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүргізіледі. Конкурс 7 мамандық пен 12 біліктілік негізінде өтті. Ең танымал мамандық – «ақпаратты қорғау технологиясы және ұйымдастыру» болды.

«Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына 600-дің үстінде өтініш келіп түсті, алайда оның тек 260-тан астамы ғана курсант атанды. Конкурстық іріктеу 7 мамандық және 15 біліктілік бойынша өтті. Әскери білім ордасында оқығандар ұшқыштар, инженер-техниктер, теңізшілер және әскери дәрігерлер мамандықтарын алады. Медициналық бейіндегі мамандарды оқыту Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің базасында жүзеге асырылатын болады. Ал теңіз кафедрасының курсанттары Ақтөбе әскери жоғары оқу орнында екі жыл оқығаннан кейін Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде мамандықты игеруді жалғастырады. Бұл оқу орнында «мемлекеттік авиациядағы әуе кемелерін ұшуға пайдалану» және «әскери медицина» мамандықтары ерекше танымал», делінген хабарламада.

Ал, «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша биыл әскери институттарға мерзімді қызметін өтеп жүрген және әскери борышын атқарып болған 128 азамат қабылданған.

Сонымен қатар ҰҚШҰ шеңберіндегі ынтымақтастық аясында Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген талапкерлер де Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында білім алады. Олар алдымен жас жауынгер курсынан өтіп, өз елдерінде ант қабылдаған соң Қазақстанға оралады.

Әскери оқу орындарымен қатар кәсіби сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша да 900-ден астам талапкер қабылданды. Олар еліміздің бес әскери колледжінде білім алады:

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж (Астана); Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі (Алматы); Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж (Шымкент); Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледж (Қарағанды); Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж (Ақмола облысы, Щучинск).

Барлық қабылданған курсанттар бір айлық жас жауынгер курсынан өтеді. Оған саптық дайындық, атыс машығы, дене шынықтыру, әскери жарғыларды меңгеру және практикалық жаттығулар кіреді. Курстың соңында болашақ сарбаздар әскери ант қабылдап, кәсіби әскери өмірдің жаңа кезеңін бастайды.