Алматының «Қайрат» футбол клубы тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Шотландияның «Селтик» футбол клубын пенальти сериясында сүріндірген клуб қазақ футболының жылнамасын жаңартып, жаңғыртты. Осыдан аттай 10 жыл бұрын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алғаш болып «Астана» футбол клубы шыққан еді. Асу берместей көрінген межені алматылық клуб та еңсерді.
Енді Алатау бөктеріне тек Еуропаның ғана емес, әлемге даңқы жайылған гранд клубтар ат байлайды. «Реал Мадрид», ПСЖ, «Манчестер Сити», «Барселона», «Бавария», «Ливерпуль», «Интер», «Боруссия» сынды азу тісі алты қарыс тегеурінді командалардың қайсысы «Қайратпен» бір топқа түсетіні бүгін анықталады. Қалай болғанда да Алматының «Орталық стадионы» қоңыр күзде әлем назарын өзіне қаратады.
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі матч жөнінде бірер сөз. «Қайрат» пен «Селтик» тартысы туралы таңды таңға жалғап айтуға болады. Сырттағы ойында да, өз алаңымыздағы додада да жігіттер барын салды. Әрине, Дастан Сәтбаевтың Глазгодан сары қағаз «арқалап қайтуы» аламан алдында жанкүйерлердің көңілін түсіргені де рас. Дегенмен де білікті маман Радиктің ұлы Рафаэль Уразбахтин алматылық команданы асқан жауапкершілікпен сайысқа салғаны көзге ұрып тұрды. Рас, экстра таймның соңғы минуттары сырғып жатқанда «Селтик» ойыншылары кәдімгідей қыспаққа алды, тіпті алаңынан орта тайлы-таяғымен алып шабуылға көшті. Бірнеше жойқын соққыны «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков (матчтың бас қаһарманы) қайтарып отырды. 21 жастағы қазақ ұланының пенальти тойтарудағы әбжілдігі әлемнің назарында қазір. Атырауда туып, Алматыда шыңдалған қақпашы Темірлан Анарбеков 14 жасында «Қайрат» футбол академиясына ауысып келді. 2022 жылы негізгі құрамға өтті. Ал былтыр «Жеңіс» клубына жалға берілді. Жаратқан жұлдызыңды жағып, маңдайыңды жарқыратам десе, әп-сәтте ғана. «Қайраттың» сенім артар негізгі қақпашысы Александр Заруцкий жарақаттанып, алаңға Анарбеков алғашқы минуттан шықты. Өзінің қарымы мен қабілетін паш ететін шақты талантты қақпашы қалт жіберген жоқ. Еурокубоктық матчтарда талай майдан көріп, әбден ысылған, топтық кезеңіне де керуен тартқан шотландиялық клубтың айбарынан ыққан да, сасқан да жоқ. Пенальти сериясын бастаған Адам Айданың бұрышты көздей тепкен соққысын қайтарды. Одан кейін Люк Маккоуэннің, Дайдзэн Майэданың да тепкен добын тоқтатты. Арне Энгельс пен Каллум Макрегордың голын тойтара алмады деп Темірланды сөгу әсте қисынсыз. Еурокубоктық аламанға жаңа араласып, бойын үйрете бастаған жас қақпашы үшін бір емес, үш пенальтиді қайтару – орасан жетістік. «Селтиктің» тәжірибелі қақпашысы талай дуды көрген ойыншы. Дания ұлттық құрамасының қақпасын қорып екі рет әлем чемпионатына, Еуропа біріншілігіне қатысқан саңлақ. Тәжірибелі қақпашы өзінен 17 жас кіші Темірланның талантымен шендесе алған жоқ.
Алматылық «Қайрат» сапынан Валерий Громыконың соққысы қақпа маңдайшасынан қайтса, Александр Мартынович, Офри Арад, Егор Сорокиннің тепкен пенальтиіне Каспер Шмейхель еш қауқар таныта алмады.
Тартыстан кейін «Селтиктің» бас бапкері Брендан Роджерс ойынға көңілі көншімейтінін де айтты. «Біздің жігіттер рас, өте сылбыр ойнады. Біз апта бұрын өз алаңымызда өткізген тартыста гол соғып, жеңісті жақындата түсуіміз керек еді, бұйырмады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнағымыз келді, бірақ бұл жолы біздің бағымыз да жанбады, бабымыз да кемшін соқты. «Қайрат» командасын жеңісімен құттықтаймын, алдағы тартыста сәттілік тілеймін. Өте тегеурінді ұжым. Жанкүйерлерге айрықша құрмет білдіреміз, біз үшін ат арытып келіп қолдау көрсетті. Оларды қуантқымыз келген, бірақ Чемпиондар лигасының деңгейі, талабы өте жоғары, соған сай ойын өрнегін көрсете алмадық.
«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың негізгі мақсатының бірі Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу екенін де жасырмады. «Десе де біз дәл мұндай таңғажайып жеңіске жетеміз деп күн бұрын қуанғамыз жоқ. Тіпті болмағанда УЕФА Конференция лигасында сынға түсудің өзі олжа дедік. Бірақ жігіттер қайрат танытты. Оларға мақсатымыздың орындалғанын айтып құттықтадым. Алдын ала тон пішіп, болжам жасағым келмейді. Дегенмен де бұл асу бізге – әлемнің таңдаулы клубтарына қарсы ойнауға орасан мүмкіндік тудырып отыр. «Селтикке» қарсы матч алдында топтық кезеңде ойнайтын Еуропаның азулы клубтарының суретін шығарып, киім ауыстыратын бөлмеге ілдірдім, бұл менің идеям еді. Жігіттер көрсін, бір белден ассақ алдымызда қандай нығмет тұрғанын сезінсе дедім. Жеңістен кейін ойыншыларға айттым «ал енді дайын болыңдар» деп. Бізге қандай клубтар қарсылас атанса да жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз», деді Р.Уразбахтин.
Сейсенбіден сәрсенбіге ауған түнде алдаспан ақын Әбділдә Тәжібаевтың да рухы шат болған шығар.
«Қайратым» деп мен жүрмін,
Қайрат қылмай сен жүрсің...
Шынымен-ақ болмай ма,
Мен қуанар жеңісің?» деп қамшылап еді кезінде футболшыларды. Алматылық клуб ел қуанар жеңісімен барша жанкүйерлерін желпіндірді.
Рас, ішкі чемпионатта бәсеке күшейіп, тартыс артпай командалардың өсіп, еуропалық клубтарымен шендесе алмасы айдан анық. Дейтұрғанмен де ел футболының жылнамасында жаңа парақ ашылды. Еркін Тапалов сынды саңлақтарды сүйеніш тұтып енді «Қайрат» футбол академиясының түлектері Дастан Сәтбаев, Темірлан Анарбеков, Дамир Қасаболат, Рамазан Бағдат, Олжас Байбек сынды жас оғландар «Сантяго Бернабеу» («Реал Мадрид»), «Камп Ноу» («Барселона»), «Альянц Арена» («Бавария»), «Этихад» («Манчестер Сити»), «Парк де Пренс» (ПСЖ) сынды әлемнің таңдаулы стадиондарында жасын ойнатады.
«Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткені үшін 18,62 миллион еуро (11, 7 млрд теңге) сыйақы алады. Алда әр матчта жеңіске жетсе – 2,1 миллион, тең ойнаса, 750 мың еуро мөлшерінде сыйақы аударылады.