• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 07:53

Шеңгелдінің қауыны-ай!

20 рет
көрсетілді

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде күзгі жиын-терім жұмыстары қыза түскен. Бұған дейін негізінен пияз өсірумен айналысқан өңір шаруалары кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бет бұра бастады.

Соның айғағы ретінде биыл «Мариям» шаруа қожа­лығы алғаш рет қауын егіп отыр. Жалпы, 280 гектар жерді игерген қожалық еңбеккерлері 2 гектарға төрт түрлі қауын отыр­ғызып, гектарына 40 тоннадан өнім алды.

«Қауын еліміздің оңтүс­тігінде көп өсіріледі. Биыл біз де тәжірибе ретінде егіп көрдік. Еңбегіміз ақталып, өнім өте сапалы шықты. Тәттілігіне өзге кәсіпкерлер де таңғалды. Өнімді негізінен Алматы­дағы ірі базарларға жөнелтуде­міз. Ендігі жылы қауын алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», дейді қожалық басшысы Бекзат Заманбеков.

Қожалық бұдан бөлек 220 гектарға жүгері, 20 гектарға бақша дақылдарын, 14 гектар­ға пияз, 30 гектарға жоңыш­қа еккен. Алдағы уақытта егіс­тік аумағын 500 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар шаруашылық иесі мемлекет тарапынан инфрақұрылымды дамытуға субсидия алу үшін құжаттар рәсімдеп жатқанын айтты. Бұған дейін «Кеңдала-2» бағ­дарламасы арқылы 40 млн теңге несие алып, ісін ілгерілеткен.

Шаруалардың құт меке­ніне айналған Шеңгелдіде пияз егумен айналысатын «Бауыр» шаруа қожалығы биыл 70 гектар аумақты игер­­ген. Қазір 20 гектардан 1 600 тонна өнім алды.

Жалпы, Шеңгелдіде 11 769 гектар жер игерілді. 13 шаруа қожалығы 2 000 гектар аумақ­та су үнемдеу технологияларын қолдануда (900 гектарын – жаңбырлатып, 1 100 гекта­­рын – там­шылатып суару). Биыл­ғы науқан кезінде 315 тонна бидай, 3 127 тонна арпа, 1 750 тонна картоп, 1 950 тонна пияз, 4 430 тонна бақша дақылы ­және 21 247 тонна мал азығын жинау көзделген.

Күзгі дала жұмысына 119 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруалармен келісімшарт жасалғанын атап өткен жөн.

 

Алматы облысы