Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін ілгерілетуге айрықша назар аударылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігінің, халықты жұмыспен қамтудың және экспорттық әлеуетті арттырудың басты тетігі ретінде қарастырылады. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында саланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, қайта өңдеуді кеңейту және халықаралық әріптестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.
Агроөнеркәсіп кешені саласында тұрақты даму байқалады. Бұл мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және Президент бастамаларының іске асырылып жатқанын көрсетеді. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,7%-ға артып, 2,4 трлн теңгеге жетіп, негізгі өсім мал және егін шаруашылығының өркендеуінен қамтамасыз етілген.
Қайта өңдеу саласы серпінді даму үстінде. Азық-түлік өндірісі 9,2%-ға өсіп, 2,13 трлн теңгені құраған. Ал сусындар өндірісі 6,8%-ға (692,4 млрд теңге) ұлғайған. Өсімдік майы (+24%), сары май (+10,4%), шұжық (+9%) және ұн өндірісі (+6,6%) елеулі өсім көрсеткен.
Салаға инвестиция көлемі де артқан: ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 442,7 млрд теңге (+26,5%) бағытталса, азық-түлік өндірісіне 104,2 млрд теңге (+48%) салынды. Бұл қаражат заманауи технология енгізуге және өндірісті жаңғыртуға жұмсалып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров атап өткендей, Президент Жолдауда субсидиядан қолжетімді несиелеуге көшу және банктер қаражатын тарту қажеттігін баса айтты.
«Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында тікелей субсидиялаудан қолжетімді несиелеуге көшудің және коммерциялық банктердің қаражатын тартудың маңызын атап өтті. Осының нәтижесінде 2024 жылдан бастап жылдық ставкасы 5%-дан аспайтын жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бюджет пен жеке қаражат көздерінің ресурстарын біріктіру арқылы мүмкін болды», деді ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, мемлекеттік қолдау көлемі де ұлғайған. 2025 жылы көктемгі егіс пен орақ науқанына жеңілдетілген несие көлемі 700 млрд теңгеге жетті (2014 жылы – небәрі 70 млрд теңге). Алдағы жылдары қаржыландыру 1 трлн теңгеге жеткізілмек. Егіс науқанына қаржы 2024 жылдың қарашасынан бастап бөлініп, шаруаларға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ол жалпы құны 250 млрд теңге болатын 6 мыңнан астам техниканы сатып алуға жол ашады. Бұдан бөлек, қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын қолдауға 44 млрд теңге бөлінді.
Жалпы тетіктерден бөлек, қосымша бағдарламалар да іске асып жатыр. «Ауыл аманаты» жобасы кооперативтерге және өнімді қайта өңдеушілерге 5 жылға дейінгі мерзімге 2,5% несие ұсынады. «Кең дала» бағдарламасы ауыл шаруашылығы өндірушілерін және қайта өңдеушілерді 5% мөлшерлемемен қаржыландырады. Ал «Агробизнес» бағдарламасы бюджет, Ұлттық қор және жеке инвестициялар есебінен өндірісті жаңғыртуға, құрылыс салуға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді.