Жыл басталғалы бері облыстың су айдындарында 25 адам ажал құшыпты. Шомылу маусымының жабылуына орай брифинг өткізген облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Суға кеткендердің 11-і бала. Оқыс жағдайлар Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Арал аудандарынан көбірек тіркеліп отыр. Департаменттегілер дерегінше өткен жылы 14 адам, оның ішінде 10 бала суға кетіп көз жұмған.
«Биыл облыс аумағында ресми түрде бекітілген 7 жағажайдың алтауы ғана жұмыс істеді. Қайғылы жағдайлардың негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзудан болған. Ағысы жылдам, терең, жағасы тік жар өзен, каналдарға түсу, спирттік ішімдік ішіп шомылу тыйылмай тұр. Үлкендер балаларды көбіне бақылаусыз қалдырады. Жыл басынан бері су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін 48 ата-анаға айыппұл салынды», деді департаменттің басқарма бастығы Жандос Досымов.
Суға шомылуға тыйым салынған 63 аймаққа 400-ге жуық ескерту тақтайшасы орнатылып, департамент тарапынан 24 мобильді пост қойылған.