Түркия Республикасының астанасы – Анкарада Жандармерия және жағалау күзеті академиясы түлектерінің салтанатты шығарылымы өтті. Түлектер қатарында – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланынының тоғыз жас офицері де бар, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шараның мәртебелі қонағы ретінде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған қатысты. Ол Ұлттық ұланның лейтенанты Асхат Сұлтанахметке Академия дипломын өз қолымен табыстады. Бұл оқиға Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі болды.
«Осыдан бес жыл бұрын Ұлттық ұлан Академиясынан Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы Жандармерия академиясына оқуға түскен болатынмын. Міне, биыл сол оқу орнын сәтті аяқтап, Түркия Президенті Ердоған мырзаның өз қолынан диплом алып жатырмын. Бұл үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілік. Бізге шет елде шыңдалуға мүмкіндік берген құқықтық тәртіп әскеріне алғысым шексіз. Бауырлас елден алған біліміміз бен тәжірибеміз алдағы уақытта елге қызмет жолында оң әсерін тигізеді деп сенемін. Өз елі мен жеріне қызмет ету – әр ер азаматтың борышы, сондықтан әскери саланы саналы түрде таңдадым», дейді жас офицер.
Түркия тарапының ресми шақыруы бойынша салтанатты рәсімге еліміздің құқықтық тәртіп әскерінен арнайы делегация қатысты. Делегацияны Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков бастап барды.
Сапар барысында қазақстандық өкілдер Жандармерия және жағалау күзеті академиясының жеке құрамды даярлау жүйесімен және заманауи әскери білім беру әдістемелерімен танысты. Сонымен қатар делегация Жандармерияның Логистика қолбасшылығында, арнайы мақсаттағы JÖAK бөлімшесінің оқу орталығында, сондай-ақ байланыс электрондық жүйелері мен ақпараттық жүйелерді басқару орталығын көрді.
Сапар барысында Аңсаған Скендірұлы Жандармерияның Бас қолбасшысы армия генералы Али Чардакчымен кездесті.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының Түркияға сапары әскери саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам.
Бұл сапар тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы мен Түркия Жандармериясы арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға жол ашты.